Басты Жаңалықтар Балалар үйіндегі өрт: Ғимарат 3 айда қайта қалпына келтіріледі

Балалар үйіндегі өрт: Ғимарат 3 айда қайта қалпына келтіріледі

Алматыда өртенген «Перзент» балалар үйінің жөндеу жұмыстары 3 айда аяқталуы мүмкін. Бұл туралы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева хабарлады. Қазір жасөспірімдер қала сыртындағы шипажайға орналастырылған. Еріктілер мен жұмысшылар ғимаратты күл-қоқыстан тазартып жатыр. Балалардың қазіргі жағдайы қалай? Өрттің шығу себептері белгілі ме? Әріптесім Нұрдәулет Сыздық анықтап көрді.

Балаларға баспана болған мына бір ғимарат қазір жарамсыз күйде. Қабырғалары қап-қара күйе, едені күлге толған. Түскі төрт шамасында тұтанған өрт тек үш жарым сағаттан соң ғана ауыздықталды. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. «Перзент» балалар үйінің басшысы Әмина қажы Әжібаеваның айтуынша, тілсіз жау балалардың байқаусыздығынан тұтануы мүмкін.

Әмина қажы Әжібаева, «Перзент» балалар үйінің директоры:

Монша жылы болсын деп кішкентай тақтаймен қағып, әдемілеп қойғанмын. 2-3 күннің алдында жөндеу жұмыстарын бітіріп қойғанбыз. Сол балалар отынды көп жағып жіберген, содан кішкентайлар келіп шұқыған. От ағаш пен қабырғаның астымен тура шығып, екінші қабатқа көтерілген. Содан ары қарай мынадан бір-ақ шыққан.

Нұрдәулет Сыздық, тілші:

Ғимараттың қазіргі кейпі осы. Нысанның сау тамтығы қалмаған. Мұнда асхана мен монша орналасқан еді. Енді қазір байқасыңыздар күл қоқыстан басқа ешнәрсе қалмады. Жұмысшылар аумақты тазалауға кіріскен. Нысан иесінің айтуынша, ғимарат қайта жөндеуге келмейді. Сондықтан мұны бұзып, жаңадан құрылыс жұмыстарын жүргізуге ниетті.

Таңмен таласа ғимарат маңында тірлік қызды. Жағдайға бей-жай қарай алмағандар аумақты күл-қоқыстан тазартып жатыр. Жұмысты жылдамдату үшін қор жиналып, еріктілер де білек сыбана кіріскен.

Марат Қалимолдин, қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

Көпшілікпен, халықпен ақылдасып, өздерінің жеке есепшотына қаржылай көмектерімізді аямай береміз. Кеше халықтың өзі де жылы киім мен басқа да көмегімен ұмтылып жүрген халықты көріп риза болдық. Жиналған қаржы ғимарттың қалып келтіруіне, оқуына, азық-түлігіне жұмсалады.

Оқиға орнына жеткен қала әкімі Дархан Сатыбалды балаларды керек-жарақпен қамтамасыз етіп, жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды. Әлеуметтік орталықтың 29 тәрбиеленушісі қала сыртындағы шипажайға орналасты. Төрт мезгіл тамақ, жылы төсек-орынмен қамтылған.

Динара Зәкиева, ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкіл:

Қазір барлығы 29 бала шипажайға орналастырылды. Ал алты жеткіншекті ата-анасы алып кетті. Бірнеше күннің ішінде балалар қордың мектепке жақын ғимаратына көшеді.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл «Перзент» балалар үйі үш айда қайта қалпына келетінін жеткізді. Құрылыс аяқталғанға дейін балалар өртенген ғимаратқа іргелес нысанға орналасады. Ал қызыл жалынның шығу себебін анықтау үшін қазір арнайы комиссия құрылды.


Бөлісу