Димаштың Испаниядағы алғашқы концерті аншлагпен өтті
Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің Испаниядағы алғашқы жеке концерті аншлагпен өтті. Әнші Барселонадағы әйгілі «Olimpic Arena Badalona» Олимпиадалық аренасында көпшілікке «Stranger» атты бағдарламасын ұсынды. Ән кешіне әлемнің елу елінен жанкүйер келген. Көрермен Димаштың әнін қосыла шырқап, талантқа қошаметті жаудырды.
Өнерде шекара жоқ. Оған Димаштың Барселонадағы концерті тағы бір дәлел. Әлемдік деңгейдегі әншіні көруге Еуропа, АҚШ, Канада, Латын Америкасы, Азия, алты құрлықтан жанкүйер жиналған. Елуден астам елдің өкілі алдымен Қазақстанның әнұранын Димашпен қосыла шырқады.
Каталина, Чилиден келген жанкүйер:
Сүйікті әншімнің Испанияға келетінін естігенде қатты қуандым. Бұл күнді мен асыға күттім. Ерекше әсерде тұрмын, ғажап концерт.
Қамзол, шапан киіп, ұлттық әшекей бұйымдарды таққан жанкүйерлер қазақтың көк туын желбіретіп, кумирлеріне барынша қолдау көрсетті. Әсіресе, Испандық фан клуб мүшелерінің қуанышында шек жоқ. Димаштың жанкүйерлер қауымдастығын Мадрид, Барселона мен Валенсия қалаларында құрған фанаттар осы концертті талай жыл армандап еді. Солардың құрметіне Димаш испан тілінде ән шырқады.
Димаш концертте көпшілікке қазақтың күй өнерінің құдіретін сезіндірді. Сырға толы ұлттық әндермен бірге, әлемдік классика жауһарларын да құйқылжыта орындады. Жүректен шыққан әр ән жүрекке жетіп, тыңдарманның жан дүниесін тебірентті. Бәрі Қазақстанның халық әртісінің талантына тәнті.
Монтсе, көрермен:
Димаштың әндері мағыналы. Ол әр әнді бар жан тәнімен айтып, денеңді түршіктірмей қоймайды. Ол теңдессіз талант иесі.
Пикси Лаппалайнен, Димаштың Финляндиядағы фан-клубының мүшесі:
Димаш әсем әуендерімен бізді ғарышқа сапарлатты. Концерттің керемет болғаны сонша, сөзбен жеткізе алмай тұрмын. Мен осымен Димаштың 37-концертін тамашаладым, бақыттымын.
Кеште Димаш авторлық туындысы «Бір аспан тарихы» композициясын ағылшын тілінде орындай бастағаны сол еді, жанкүйерлер «Біз өмірді таңдаймыз»деп аталатын флешмоб ұйымдастырды. Фан клуб өкілдері бейбітшіліктің белгісі ретінде ақ қолғап киіп, қолдарын жоғары көтерді. Әншінің бейбітшілік пен адамгершілікке үндейтін әнін сілтідей тынып тыңдағандар көз жасына ерік берді. «Димаштың музыкасы тек өнер емес, тұтас әлемге арналған ізгілік пен махаббаттың үндеуі» дейді бәрі. Испанияны дүр сілкіндірген Димаштың гастрольдік сапары енді Лондон, Берлин мен Ригада жалғасады.
Қадірлі көрермен, естеріңізге сала кетейік,
Димаштың Астанада өткен 2,5 сағаттық эксклюзивті концертін 16-желтоқсанда ұлттық
арнадан тамашалай аласыздар!
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы