Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жарияланғанына бүгін тура бір жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жарияланғанына бүгін тура бір жыл

12.04.2018

Саяси-экономикалық дамудың дара жолын көрсеткен Мемлекет басшысы ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың сара жолын әсте естен шығарған жоқ. Осы аз ғана уақыттың өзінде, қыруар жұмыс атқарылып, іргелі істер еңсерілді. Ана тілімізден бастап тарих, салт-дәстүр, туған жерге деген сый-құрметіміз еселене түсті.  Бұл жұмыстар әлі де жалғаса бермек.

«Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді». Осылайша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сәт сайын дамып, өзгерген заманда дамудың дербес үлгісін қалыптастыру қажет екендігін айтқан еді. Халқымыздың ұлттық ерекшеліктерін ұстана отырып, нарыққа негізделген бүгінгі әлемге жаңа бастамамен ендік. Тек экономикалық, саяси дамуды көздемей, ұлт болып ұйысып, рухани жаңғыруды мақсат етіп қойдық.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы әр сала, әр бағыттың дамуына жаңаша серпін берді. Негізгі мақсат - қазақстандық мамандардың әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болуы.

Өзгелерге үлгі болатын 100 жаңа есім, әр қазақ мақтан ететін киелі жерлер анықталды. Әлем әдебиетінің қаймағы қазақшаға аударылып, алаштың көнеден келген мәдениеті мен ғұрыпы жаһанға таныстырылды. Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб пәтерінде бағдарламаның тұсауы кесілді. Дегенмен, бұл істер үлкен жобаның тек бастамасы ғана.

Қорыта айтқанда, атқарылған іс ауқымды, алдағы жұмыс тіпті маңызды. Сондықтан, әр отандасымыз біртұтас ұлы ұлттың перзенті екенін ұмытпай, еліміздің кемел келешегі үшін бар күш-жігерін салуы тиіс. 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу