Осы жылдың соңына дейін қолына жеке телефон ұстаған әр қазақстандық ұялы байланыс құрылғыларын тіркеуі тиіс. Өйтпесе, келер жылдың 1-қаңтарынан бастап қызмет тоқтайды. Бұл ақпарды Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің мамандары жария етті.
Елімізде телефон ұстамайтын адам кемде-кем. Ал, сол телефонның жүрегі ол - SIM-карта. Ресми дерекке сай, елімізде 26 млн нөмір сатылған. Ал, халық саны 18-млн. Демек, млн-даған SIM-карта тіркеусіз жүр. Жаңа заңның талабы осындай абонент иелерін ресми тану. Ол үшін әр абонент ұялы байланыс операторына жеке сәйкестік нөмірін яғни ЖСН, қолданыстағы телефонның IMEI кодын және нөмірін өз атына тіркегендігі жөнінде ақпарат беруге міндетті. Осы үшеуі түгел болса, сонда ғана заң талабы орындалмақ.
Виталий Ярошенко, ҚР АКМ телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары:
- Мынадай жағдай болуы мүмкін. Сіз ұялы байланыс операторының кеңсесіне барып, өз атыңызда тіркелген нөмірлерді тексерткен кезде сіздің атыңызда бір емес ондаған нөмір болуы мүмкін. Бұндай жағдайлар тіркелген. Сіз осы нөмірлердің иесі ретінде олардың қызметін тоқтатуға толық құқыңыз бар.
«Өз нөмірім өз атымда» –деп, жоғарыда ат алған талаптарға бас имесеңіз 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, нөміріңіз қызмет аясынан тыс қалады. Мұндай талап экстремистік қауіп-қатерге қарсы тұру үшін қолға алынып жатыр. Бір сөзбен, иесіз нөмір болмауы тиіс. Бұл тақырып Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жанындағы қоғамдық кеңесте кеңінен талқыланды.
Бауыржан Тәжібаев, ҚР АКМ басқарма басшысы:
- Жалпы, халықты қазірден бастап қамдануға шақырамыз. Операторларға барып, нөмірлерінің дұрыс не теріс тіркелгенін тексеруге кеңес береміз.
Қазіргі таңда, SIM-картаны атқа түсіру, IMEI кодты және ЖСН нөмірін тіркеу қалай жүзеге асатыны сараланып жатыр. Тіркеуді жеңілдету мақсатында оны электронды кезек ақылы жүзеге асыру көзделген.
Ғабит БӨКЕНБАЙ