Мемлекеттік тапсырыспен салынған құрылыстың сапасына кім жауапты?
Үкімет резервінен Ұлытау облысының сумен жабдықтау инфрақұрылымын жаңғыртуға 1,8 млрд теңге бөлінді. Жезқазған қаласының шаруашылық-ауыз су тазарту құрылыстарын реконструкциялауды аяқтауға жұмсалады. Кешен 1966 жылы пайдалануға берілген, жабдықтың тозуы – 90%. Өткендегідей айтамыз – дұп-дұрыс.
Алайда әңгіме әрі қарай да «дұрыс екен» деп жалғаспайды. Бюджет қаражатына салынған әлеуметтік нысандардың тіпті кепіл берілген мерзіміне жетпей опырылып жататыны ілеуде бір кездесетін жағдай емес.
Мысалы, Жамбыл облысында 300 млн теңгеге салынған теміржол өткелінің лифті бірден сынған. Бүтін бір аудан орталығы саналатын Аса ауылының тұрғындары аспалы көпірдің қызығын сонда бір-ақ апта ғана көрген. Лифтінің темір арқаны үзіліп кеткен. Ішінде болған балалар аман-есен, бір ересек адам аяғынан ауыр жарақат алған. Жарайды, балаларға жаттығу дейік, үлкен кісілер ше, оларға көтерілу үшін лифт керек, ал ол істемейді. Жеделсатыдан бөлек, көпірдің жабындылары ашылып жатыр.
Әңгіме тіпті көзге көрінбейтін схемалар, елестете алмайтын «кеңірдектер» туралы емес. Ақшасы әйтеуір бөлініп, салынған нысандар жайлы.
Аса ауылындағы 300
миллион теңгеге салынған аспалы көпірдің бір аптаға жетпей лифті құлады.
Көпірдің өзі де мінсіз емес болып шықты.
Биыл қыркүйекте Құлсары қаласындағы 1200 орындық салынып бітпеген мектептің төбесі құлап жергілікті халық бір шулаған еді.
Ал бұл биыл қазан айында тараған видео. Батыс Қазақстан облысы Магистрал ауылындағы 2 жыл бұрын ғана қолданысқа берілген мектептің қабырғалары ырсиып тұр.Меншікті тілшіміз сол мектепке барып көрген.
Гауһар Оразова, Магистрал ЖОБМ директоры:
Екі аптадай 3-16 қараша аралығында мектепке жөндеу жүргізілді. 17 қарашадан бастап қайтадан мектебімізге оралып оқу үдерісін байқадық.
Бірақ әлі де қазіргі қалпына қарап 2 жыл бұрын ғана салынған мектеп деп айту қиын. Ең әуелі осындай әлеуметтік нысандардың іргетасын берік, кірпішін түзу қалауға не кедергі?
Бауыржан Мақұлбаев, заңгер:
Ең басты қателік мемлекеттік сатып алу заңының аясында жіберілетін кемшіліктер. Конкурс жариялаған кезде бір түйіннен «бір көзден» дейді сөйтіп жасап өздеріне таңдаулы жақын, туыс, бауыр мекемелерді тартып соларға ұтып бергізіп, солармен келісім-шарт жасаған кезде нысанды қабылдау кезінде жемқорлық әрекеттері басталады.
Заңгер, қоғам белсендісі Бауыржан Мақұлбаев бұндай жағдайдың бірнешеуін анықтаған. Соның бірі Алматыдағы 202 мектеп туралы «Апта» тілшісі Аманкелді Сейтхан материал да әзірлеген еді.
Бауыржан Мақұлбаев, заңгер:
Біз президент әкімшілігіне шейін жаздық. «Қай шенеуніктер оны неге қабылдап алған» деп сұрақ та қойдық. Теледидардан да шықтық. Оны неге ешкім қозғамады? Оның артында кім тұр? Сол кездегі болған шенеуніктердің біреуін осылай қызметтен босаттық деген мәлімет жоқ.
Ашулансақ та, мемлекеттік тапсырысты тамыр-таныстықпен алды делік. Бірақ құрылыстың сапасына жауап беретін техникалық бақылау қайда қарайды сонда?
Виктор Микрюков, Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті:
Техникалық бақылаудың қашықтан жүргізілетін кезі болады. Мысалы компания Алматыда тіркелген, оның үш қызметкері де Алматыда тұрады бірақ олар Ақтаудағы бір ғимараттың техникалық бақылауын тендер арқылы ұтып алады. Сосын әрине тырнақша ішінде «техникалық бақылау жүргізеді». Негізгі архитектуралық жұмыстар, инженерлік желілер оның бәрін қадағалау керек қой. Барлығын көзбен көріп дұрыс-бұрысын анықтайтын суперәмбебап маман жоқ.
Бауыржан Мақұлбаев, заңгер:
Олардың әрбір тексеруі бақылаушы органдардың тексеруінен өтеді. Сондықтан өздерінің кәсіби деңгейі төмен болғандықтан, екіншіден тек қана жоғарыдан түскен тапсырмалармен тексеру жүргізеді.
Ал «кәсіби білігі жоғары тексеруші мамандарға кедергі көп» дейді заңгер.
Бауыржан Мақұлбаев, заңгер:
Заңгер ретінде айтатыным кәсіпкерлік кодекстің көптеген шектеулері бар. Прокуратураның статистика комитеті арқылы тіркеуден өту керек, алдын-ала жоспарлау керек, қандай қаупі бар тексерудің соны айту керек. Тек қана хабарлама беріп тексеруге кірісіп кету керек деген норма болса онда көбірек табылушы еді.Себебі мәлімдеме бергеннен кейін ақ дастархан сияқты соның барлығын дұрыстап қояды да тексеруші органдар ештеңе таба алмай қалады.
Виктор Микрюков, Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті:
Біз қауымдастық болып әлеуметтік нысандардың құрылысы кезінде кім ереже бұзды, қалай ереже бұзды, қанша ереже бұзды, кім оған жауап берді, қалай жауап берді деген статистиканы шығарғымыз келеді. Бірақ ондай статистиканы жүргізу детективтік тергеу жүргізумен бірдей. Жергілікті атқарушы органдарға хат жолдасақ жауап бермейді. Жауап берген күннің өзінде өте ықылассыз жауап береді. Бұның барлығы жемқорлық емей немене?!
Заңгер Бауыржан Мақұлбаевтың да, құрылыс маманы Виктор Микрюковтың да ойы бір жерден шығып тұр. Әңгіменің барлығы бұндай былыққа жергілікті атқарушы органдардың тікелей қатысы бар деген ойға еріксіз итермелейді. Ал заңсыздықты дәлелдейтін құжаттар күндердің күнінде құзырлы органдардың қолына түспей ме, сонда?
Виктор Микрюков, Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті:
Егер қандай да бір сапасыз нысанға байланысты құжаттарды ақтаратын болса мен 100 пайыз сенімдімін - құжаттардың жартысы табылмайды. Себебі олар цифрландырылмаған. Қағаз күйінде ғана. «Ол құжат жоғалып кетті» десе де ешкім ештеңе істей алмайды. Сондықтан саланы түгел цифрландыру керек. Барлық берілген ескерту, шағымдардың барлығы тіркелу қажет. Олардың орындалғаны да электронды түрде расталып базаға енгізілуі керек. Қазір «eQurylys» жүйесі бар. Бірақ онымен барлық мемлекеттік органдар жұмыс істемейді.
Бауыржан Мақұлбаев, заңгер:
Адамдардың құқықтық білімін, құқықтық тәрбиесін жоғарылату керек. Мен осыған дейін «талай жемқорлыққа қарсы үлкен-үлкен миллиондаған, миллиардтаған нелерді айтып жүрмін атып кетсе мені атпай ма» десем де адамдар түсінбейді. Тек қана біреудің баласы бір жерден жарақат алса ғана сөйтіп қана нетеді. Негізі бұл қоғамда әрбір адам өзін прокурор сезінуі керек, әрбір адам өзін бақылаушы сезінуі керек.
Демек қабырғадағы әр жарықтың, едендегі әр ойықтың сұрауын тексеруші компания ғана емес, біздің басты міндетіміз болмаса да бәріміз сұрауымыз керек секілді. Әйтпесе әбден тамыр жайып кеткен жемқорлықты басқаша жеңе алмаймыз-ау. Мектептің шатыры құлап, аурухананың іргетасы жарылса бәріміз адал еңбекпен толтыратын қазына қаражатын біреулер өз ақшасындай шытырлатып санап отыр деген сөз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы