Басты Жаңалықтар Севоранмен бірден қанша тіс емдеуге болады?

Севоранмен бірден қанша тіс емдеуге болады?

Өткен жылдың 30-қазаны. Сағат таңертеңгі 09:40. Кішкентай Зере алаңсыз ойыншығымен ойнап отыр. Бірақ сол ойнап келген баласы, оянбай қалады-ау деп ойлаған жоқ ата-анасы. Өйткені, севоран препаратының мұндай қаупі барын дәрігерлер де ескертпеген. Әуелі, он шақты тіс жоспарланған, кейін мамандар процедура барысында 18 тісін түгел емдеуді ұсынған. 

Талғат Құмаров, Зеренің әкесі:

Алдында біз бөлуге бола ма екен деп айтқанбыз. Өздері уайымдамаңыздар деді. Күнделікті істеп отырған жұмыс. Барлығы дұрыс болады деді. Қандай да бір қатер болады деп ойламадық.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Содан бері 1 жыл өтті. Бірақ бүлдіршіннің  өліміне себеп болған мына клиника жұмысын әлі де жалғастырып жатыр. Қылмыстық іске қатысты сот биыл қарашада ғана басталды. Басты айыпталушы - анестезиолог. Сотта оның севоран газын өте көп мөлшерде қолдануы әсер етуі мүмкін екені айтылды. Ал стоматолог пен емхана иесі әзірге куәгердің рөлінде.

Сот отырысында клиникада жедел көмек көрсететін дефибрилятор болмағаны, мерзімі өткен препараттар табылғаны айтылды. Сотқа қатысқан сарапшы-педиатрдың айтуынша, бүлдіршіннің қан талдауындағы лейкоцит, тромбоциттердің жоғары көрсеткіштеріне, бұрын пневмониямен ауырғанына мамандар мән бермеген. Екіншіден, бала есін жия бастағанда қайтадан севоранның берілгені және балаға ыстық екпенің тез салынғаны да кері әсер етуі мүмкін. Біз севоранмен тіс емдейтін клиниканың біріне барып, пациентті қабылдаудың тәртібін сұрадық. 

Еренғайып Мұрат, стоматолог:

Бұл мәселеде біз жауапкершілік алмаймыз. Өйткені біздің біліміміз оған жеткіліксіз. Міндетті түрде кардиохирург, анестезиолог, педиатрдың рұқсатымен жұмыс істейміз. 

Яғни, стоматолог мына тізімдегі талдаулар жасалмаса және бейінді мамандар рұқсат бермесе баланы қабылдауға болмайтынын айтады. Жалпы қан анализі, биохимия, С реактивті белок, қан коагулограммасы, ЭКГ, УДЗ, кардиолог, педиатр, тіркеуде тұрған дәрігердің рұқсаты.

Талғат Құмаров, Зеренің әкесі:

Ал бізде ондай болған жоқ. УДЗ, кардиограмма істедік. Қан тапсырылды. Бәрі электронды түрде жіберілді.

Зеренің өліміне қатысты сот аяқталмай жатып, Алматыда тағы бір оқиғаның беті ашылды. Сәуір айында 5 жасар баланың 20 тісін бес сағат емдеп, қыз бала қаза тапқан. Бүлдіршін емнен соң есін жиған, бірақ әлсіз күйде болғанына қарамастан дәрігерлер үйге жіберген. Сол әлсіреген қалпы бала түнгі сағат бірде көз жұмған. Қылмыстық іске қатысты тергеу үстірт жүргізіліп,  дәрігерлер жауапқа тартылмады дейді, - Stan.kz сайтына сұхбат берген ата-ана.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Бүлдіршіндердің өліміне нақты севоран себеп болды ма, әлде басқа препарат әсер етті ме? Әзірге нақты байлам жоқ. Әлемнің көптеген елдері мұны стандартты анестезиялық құрал ретінде кеңінен пайдаланады. Елімізде наркоздың бұл түрі протоколға сай, 2000 жылдардан бері жалпы, тіс емдеуден бөлек, хирургиялық операциялдарда, балаға КТ, МРТ жасағанда, сүндетке отырғызғанда  қолданылады. Құтыдағы сұйықтық Үндістан, Румыния,Қытай елдерінен импортталады.  Дегенмен, анестезиологтар оның қаупін де жоққа шығармайды.

Нұр-Сұлтан Құрбанбеков, анестезиолог-реаниматолог:

Наркоз - бұл балаға беретін конфет емес. Оны түсінуіміз керек. Севоранмен қолдану тіпті қауіпсіз деп айтқым келмейді. Жанама әсерлері бар екенін ескерткім келеді.

Жанама әсері болғанымен, жарнамасы жер жарып тұр. Елде тек мүмкіндігі шектеулі балалар севоран арқылы тісін тегін емдетеді. Қалғаны жеке емханаға баруға мәжбүр. Құны да арзан емес. Кешенді емдеу бағасы орташа есеппен – 500 мың теңге. Қаламқас Әмірбекова былтыр Семейде 2 жарым жастағы ұлының он шақты тісін емдеткен.

Қаламқас Әмірбекова, Өскемен қаласының тұрғыны:

Бастапқыда біз терапевтке бардық, тиісті анализдер тапсырдық. Жүрегін УДЗ-ға түсіріп, кардиолог маманына бардық. Мамандардан рұқсат алғаннан кейін емдеу барысына кірістік. Жалпы емдеу уақыты екі сағатқа созылды. Екі сағаттан кейін жарты сағатта ұлымыз оянып өз қалпына келді.

Министрліктің мәліметінше, клиникалық протоколдарда бір уақытта қанша тіс емдеуге болатыны нақты көрсетілмеген.  Бірақ 18 тіпті 20 тісті бірден емдеп, баланың  6-7 сағатқа наркозда жатуы аса қауіпті, дейді мамандар.

Үміт Момышева, анестезиолог-реаниматолог:

2 жасқа дейінгі баланы 3 сағатқа дейін севоранмен жұмыс істеуге болады. 5 жасқа дейінгі балаларға севоранмен 3-5 сағаттың арасында жұмыс істеуге болады. Мен өзім анестезиолог ретінде 6 сағат жұмыс істеуге қарсымын.

Гүлмира Бегалиева, кардиолог:

Тістің ауырлығына байланысты. Мысалы, 10 беткей тіс жегілерін бір ретте емдеуге болады. Бірақ балада 10 пульпит болса, ол ауыр болады. Сондықтан мен айтар едім, орташа кариес болса 3 сағаттан асырмай, білікті стоматологты таңдап барған дұрыс.

Еренғайып Мұрат, стоматолог:

Ата-анамен міндетті түрде әңгімелесеміз. Бізде орташа есеппен шамамен 3 сағаттай уақыт алады.
Кей жағдайларда ата-аналардың өзі де емдеуалды дайындыққа салғырт қарайды.

Гүлмира Бегалиева, кардиолог:

Ата-аналар үлкен соманы стоматологияға төлегеннен кейін, тексерілуге, зерттеуге диагностикаға және кардиологқа ақша жұмсағылары келмейді. Бізге «тексермей рұқсат бере салыңызшы, қайтесіз оны қарап, УЗИ-ді қайтесіз, ЭКГ жеткілікті» дейді.

Бір өкініштісі, севоранға алдын-ала аллергиялық сынақ жасау мүмкін емес. Өйткені наркоздың бұл түрі  газ түрінде мұрын арқылы беріледі. Сондықтан дәрігерлер мына жағдайларда севоран арқылы тіс емдеуге мүлдем болмайтынын айтады.

Гүлмира Бегалиева, кардиолог:

Қайғылы жағдайлардың себептері – ең біріншіден диагностиканың дұрыс өткізілмеуінен. Балаларда жүректің туа біткен ақаулары болса, немесе туа пайда болған ақау жоқ, 2-3 апта бұрын балада инфекция болса, өкпе сырылдап тұрса рұқсат бермеймін.

Ал бүлдіршіндердің сүт тісін емдемеудің салдары қандай?

Ардақ Еслиямғалиева, Астана медициналық уинверситеті Ортопедиялық стоматология және балалар стоматологиясы кафедрасының меңгерушісі, профессор:

Балалар тісін емдеу міндетті түрде тісін жарып шыққаннан басталуы керек. Сүт тісін емдемеу керек деген дағды дұрыс емес.

Еренғайып Мұрат, стоматолог:

Сүт тісі шіріген кезде тіс етінде созылмалы аурулар пайда болады. Сол себепті ауыз қуысында ірің бөліну процесі басталады. Іріңді жұту бұл баланы улайды.

Гүлмира Бегалиева, кардиолог:

Сүт тіс түсіп қалған күннің өзінде инфекция ауыз қуысында қалады. Бактерия болғандықтан үнемі ангина шақырады. Ол бактериялар жүрекке шабуы мүмкін. Бүйректі істен шығаруы мүмкін.

Қазақстандық әр 10 баланың 8-де, тіс ауруы бар. Бүгінде бала тісі жылдан жылға басты проблемаға айналып барады.

Ардақ Еслиямғалиева, Астана медициналық уинверситеті Ортопедиялық стоматология және балалар стоматологиясы кафедрасының меңгерушісі, профессор:

Қазір тіс жегінің таралуы аймаққа байланысты 65 пайыздан 87 пайызға, кейбір өңірлерде 98 пайызға дейін тараған.

Елімізде 18 жасқа дейінгі балалардың тісін тегін емдеуге болады. Ендеше, ата-аналар неге ақылы қызметке барады? Профессор Гүлжан Ермұханова мұны мемлекеттік емханаларда білікті мамандардың жетіспеуімен байланыстырды.

Гүлжан Ермұханова, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

Қуана-қуана келіп жатқан жоқ. Мамандар үйреніп-үйреніп алғаннан кейін, аяққа тұрып алғаннан кейін кетіп жатыр. Себебі баламен жұмыс жасау оңай емес.

Министрлік өкілдері «Болашаққа сау тіспен» жобасы аясында 500-ге жуық мектепте стоматологиялық кабинеттер ашылатынын былтырдан бері айтып жүр. Балабақшалар әзірге бұл тізімде қарастырылмаған. Бірақ маман жетіспесе оның да болашағы бұлыңғыр секілді.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Министр Ақмарал Әлназарова енді Бас Прокуратураның тапсырмасымен 620 жеке стоматологиялық клиника тексерілетінін айтты. Қайғылы жағдайдан кейін ғана қадағалауды күшейту біздің елде қалыпты жағдайға айналған, өкінішке қарай. Зере Есентайдың өліміне қатысты айыпталушы анестезиологтың кінәсі дәлелденсе 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал баланың талдауларына мән бермеген стоматолог пен қажетті құрал-жабдықпен қамти алмаған емхана басшысы сытылып кете ме, айып тағыла ма? Оны сот шешеді.


Бөлісу