«Астанадағы жылу электр станциясы ескі нормалар бойынша жұмыс істеп тұр. Яғни, үнемдеу деген жоқ. Бұл үлкен шығын, оның үстіне экологияға да зияны өте көп». Сенат депутаты Дариға Назарбаева осылай деді. Нөмірі екінші жылу электр станциясының жұмысымен танысқан ол қолданысқа соңғы заманауи технологиялардың енгізілуі туралы сұрап білді. Әкімдік тарапы ауа райына байланысты жылу беру мөлшерін автоматтандыру бағытында жұмыстар атқарылып жатқандығын айтты. Ал, 2019 жылдың соңында Астананың басым бөлігі газбен жылытылмақ. Ұжымның бірқатар мәселелерін тыңдаған депутаттар Елбасының 5 әлеуметтік бастамасын түсіндіріп, баламалы энергия көздерін қолданысқа енгізу қажеттігін айтты.
Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы:
- Болашақ баламалы энергетиканың еншісінде. Менің ойымша, біз оған жуық арада жетеміз. Денсаулық әр адам үшін аса маңызды. Сондықтан, айналамызды қорғауға, экологияны таза ұстауға ұмтылуымыз керек. Күн сайын көл-көсір көмір жағып, ауаны ластап отыра бергеніміз дұрыс емес.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ