Жеңіс Ысқабай балалар үшін ағаштан құлын құрастыра бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жеңіс Ысқабай балалар үшін ағаштан құлын құрастыра бастады

26.03.2018

Талдықорғандағы сегіз қырлы, бір сырлы азаматтардың бірі - Жеңіс Ысқабай. Фотооператор әрі дизайнер, суретші әрі сәулетші жуырда ағаштан құлын құрастыра бастады. Бұл істі қолға алуына балалардың денсаулығына алаңдаушылық себеп болған. Жасыратыны жоқ, бүгінде қала баласы смартфон мен компьютерге телміріп, көзін де, жүйке жүйесін де құртады. Ал, қолөнер шеберінің бұйымдары бала денсаулығын нығайтуға сеп.

Жеңіс Ысқабай бұл туындысына тыңғылықты дайындықпен кірісті. Алдымен қағаз бетіне басып алды. Кейін компьютерге түсіріп, өлшемдерін реттеді. Түр-түсін келтіргеннен кейін бірақ шеберханаға ауысты.

Өз балаларына ойыншық жасаймын деп бастаған дүниесі шағын кәсіпке ұласты. Ең бастысы, ойыншық атқа мінген баланың бұлшық еттері үнемі қозғалыста болады. Бүгінде теледидар мен телефонға үңілетін ұрпақты алдандырудың таптырмас құралы. Бала кезінен ағаш жонып, қолөнер бұйымдарын жасап өскен шебердің мақсаты табыс табу емес. «Әр қазақтың баласының атқұмар болып өскені әлдеқайда маңызды», - дейді ұста.

Жеңіс Ысқабай, ағаш шебері:

- Ойын баласы өз уақытында ойнап отырып теледидар көрсе де спортпен айналысып жатады. Бүкіл денесі қозғалыста болады. Бойындағы қуатты дұрыс пайдалану керек.

Ойдан ой туып, Жеңіс қазір тағы ойыншықтың бірнеше түрін құрастырды. Үстінен жүрсе де, астынан еңбектесе де, мына ойыншық баланың ішін пыстырмайды. Ал, шыбық сындырып, ат қылып мінетін ұл балалардың ұлттық нақыштағы тағы бір ойыншығын би өнеріне де пайдалануға болады.

Жеңіс Ысқабай, ағаш шебері:

- Біз бала кезде күнде бір шыбық сындыратынбыз. Ал, мына жасап қойған жылқым сол шыбық. Бірақ, бүгінгі көрінісі. Салмағын жеңілдеттім. Көз, жал орнатамын. 4-5 жастағы бала шапқылап ойнап жүре береді.

Шебердің бұйымдарына сұраныс бар. Жылқыларының бір үйірін сыйлап та, сатып та үлгерді.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

- Ал, мына кішкентай құлыншақ белі қатайып, енді-енді отыра бастаған бөбектерге арналған. Кішкентай бала бұған отырса, бір жағынан алданады, екінші жағынан, қазірден бастап атқа отыруға машықтанады.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу