Таулы жер болса да, қазірдің өзінде бұл жақта 2 мыңнан астам гектар жерге картоп өсірілуде. Саланың тиімді екеніне көз жеткізген голландиялық инвесторлар да қаржы құюға даяр. Алдағы уақытта Нарынқол картобынан түрлі тамақ өнімдерін шығармақ ниетте. Көкөніс өсіруші шаруаларға жергілікті билік те қаржылай қолдау көрсетіп жатыр.
«Өркен» шаруа қожалығы негізінен картоп тұқымын өндірумен айналысады. Былтыр 200 гектар алқаптан 5 мың тонна өнім алды. Қазір көктемгі егіс науқанына дайындалып тұқым іріктеуге кірісті. Шаруашылық маңайдағы және облыстың өзге аудандарын жоғары сұрыпты картоп тұқымымен қамтып келеді. Нарынқол өңіріне өнімділігі мол шетелдік картоп та жерсіндірілген.
Талғат Нүсіпқожаев, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Шет елдің тұқымын біздің тұқыммен салыстырғанда өнімділігі өте жоғары. Шет елдің сорттары 40-45 тоннаға дейін өнім береді. Қазақстанда өзіміз өндіріп жатқан элиталы тұқым 27-28 тоннадан асып жатқан жоқ.
Биыл облыстан картоп шаруашылығын дамытуға 240 млн. теңге қаржы бөлінді. Ауданда сервистік дайындау орталықтары құрылып, заманауи техникамен жабдықталатын болды. Сондай-ақ, картоп өндірісіне Голландиядан инвесторлар да қызығушылық танытуда.
Жолан Омаров, Райымбек ауданының әкімі:
- Голландық тәжірбиелі компания келіп, осы жерде келісімшарттарға отырып, соның арқасында 7 мың тонна таза тұқымды басқа елдерге шығаруға, осы жерде тұқым шаруашылығымен айналысуға ниет білдіріп жатыр. Осының аясында Іле ауданында ашылатын өндіріс орындарында фри, чипсы шығарып, экспорттаймыз және өзіміздің ішкі саудамыздағы қажеттіліктің бәрін жабамыз деген ойдамыз.
Топырағы құнарлы Нарынқол жері көкөністі де, дәнді дақылды да өсіруге қолайлы. Сондықтан, ауыспалы егістік технологиясын сақтай отырып, өзге да ауылшаруашылық дақылдарын игеру көзделген.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ