Немқұрайлық па, әлде салғырттық па? Астанада жеті айлық сәбиге дерті дер кезінде анықталмаған соң күрделі операция жасалды. Болған жағдайға учаскелік дәрігерлерді кінәлаған ата-анасы осындай өкпесін жеткізді. Олардың айтуынша, қызының желкесінде бес ай бұрын түйін пайда болған. Өздері содан сезіктеніп тексеруге апарғанымен мамандар қауіпті ештеңе жоқ,-деп кері қайтарған. Жалпы дертіне дауа сұрай барғанымен ауруына ауру жамап шығатын жағдайлар көп. Бұл туралы жақында Парламент қабырғасында көтерілген еді.
Ботагөздің жеті айлық қызына күрделі операция жасалды. Себебі, желкесінен белгісіз бір ісік анықталған. Бірақ, кеш. Егер түйінді дер кезінде байқағанда дәрімен-ақ емдеуге болады екен. «Ал, мұның бәріне 9-шы емхана дәрігерлері кінәлі»,-дейді жыларман күйдегі ата-ана. Өйткені, олар сәбиін 2 айлығында ісік білінер-білінбес кезінде көрсетіпті. Баланы 3 айында хирург қараған, 4 жарым айында стационарлық ем де алып шыққан. Бірақ, ісік тек 6 айдан асқанда ғана анықталды,-дейді мамандар.
Нұргүл Садықова, емхананың бөлім меңгерушісі:
- Баланың басынан өсінді анықталды. Соған байланысты консультацияға мені шақырды. Ата-анасына барлық клиникалық зерттеулерге, анализдерге жолдама берілді.
Жүзін жасырып беруді өтінген Ботагөз дәрігерлердің уәжімен мүлдем келіспейді. Тіпті, жолдама бердік,-дегенін де жоққа шығарды. Керісінше, әр қабылдауға өздері шығынданғанын, бұған айғағы барын да айтты.
Дәрігерлердің жауапсыздығына және медицина саласындағы олқылықтарға қатысты республика бойынша былтыр 5000-дай арыз-шағым түскен.
Дархан Тұрлыбеков, ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау комитеті басқармасының бас сарапшысы:
- Былтыр медициналық қызметкерлерге 400-дей әкімшілік құқық бұзушылық протокол толтырылды. Олар дәрігерлер, медбикелер, лауазымды және заңды тұлғалар. Айыппұл көлемі 9 млн-дай. Мемлекеттік бюджетке қайтарылды.
Айыппұлмен ғана құтылғандардан басқа, бас бостандығынан айырылғандар да бар. Ел ішінен тізбей, Елорданы ғана айтсақ, былтыр 5 ақ халатты сотталды. Хирургтер соқыршекті анықтай алмаған, салдарынан бір адам жан тапсырды. Перзентханада да бір ана көз жұмған.
Мұрат Солтыбаев, Астана қалалық сотының судьясы:
- Үш хирургке 2 жылдан, 2 акушер-гинекологқа 2,5 жылдан. Ал бұлардың барлығы рақымшылық жазаға ілініп, қылмыстық жауаптан босатылды. Сондай-ақ, қосымша жаза 3 жыл дәрігерлік кәсібімен айналысуға құқықтары шектелді.
Денсаулық министрі қателеспейтін пенде жоқ екенін алға тартып, адам өміріне араша түсетін мамандарды қорғап, депутаттардан қолдау сұрады.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Біз ұлттық қауымдастықтармен бірлесіп ұсыныстарымызды заңдық тұрғыда жетілдіріп жатырмыз. Себебі, медицина қызметкерлеріне қатысты салғырттық пен әдейі жасалмаған әрекеттің арасын ажырата білген дұрыс. Бұдан сақтана да алмаймыз. Мұндай жағдай қайталана береді. Сондықтан, дәрігерлерді тек қылмыстық жазаға тарта берсек, онда кадр да тұрақтамайды. Қызметтеріне деген мотивациясын да жоямыз.
Мамандар Ботагөздің сәбиінің желкесіндегі гемангиома, яғни, қатерсіз ісік болуы мүмкін,-деп болжайды. Бірақ, оған көз жеткізу үшін операция уақытында кесіп алынған өсінді зерттеуге жіберілді. Ал, ата-анасы тіркеуде тұрған емханасынан кетіп, басқасына ауысатын болды.
Нысаналы ЫҒЫЛ