Өскеменде тұрғындар жылуға жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде тұрғындар жылуға жарымай отыр

16.02.2018

Өскеменнің орталығында 100-ден астам тұрғыны бар бірнеше үй жылуға жарымай отыр. Осыдан жарты ғасыр бұрын салынған ескі үйлер орталықтандырылған жылу жүйесіне мүлде қосылмаған. Тозығы жеткен баспаналарына жұрт амалсыздан пеш орнатып, көмір жағуға мәжбүр. 

Жеті жыл бойы орталық жылуға қолы жетпеген 100-ге жуық тұрғыны бар алты бірдей көпқабатты үй Өскеменнің еншісінде. Тұрғындардың алпыс пайызы жасы 70-пен 90 жас аралығында. Орталық жылу болмаған соң көшеден көмір тасып жағуға мәжбүр. Ал, денсаулығы далаға шығуға жарамайтын жандар жалдамалы адамға зейнетақыларынан төлеп жатыр.

Сексеннен асқан Анна Денисенкоға от жағу бейнетке айналды. Шелектеп көмір тасуға мұршасы жоқ, жылу маусымында 45 мыңға адам жалдап, сарайдағы көмірді от жаққан сайын үйіне тасытып әлек. Сапасыз көмір тамызыққа да жарамай тұр. Кейуана амалсыз  электр жылытқышын қосып жан бағуда.

Анна Денисенко, Өскемен қаласының тұрғыны:

 - Көмір сатып аламын. Бағасы да қымбат. Оны ары-бері тасып бергеніне де төлеймін.

Тұрғындардың жанайқайына құлақ асқан әзірге ешкім жоқ. Бірнеше жылдан бері жұрт қол жинап, құжат жиып, талай табалдырықты тоздырыпты. Бірақ, нәтижесіз.

Қалалық жылу жүйесіне қосу үшін  тұрғын үйде жертөленің болуы міндетті, сонымен қатар, жылу есептегіш құралдары да орнатылуы тиіс. Тиісті талаптардың барлығы орындалса ғана, мәселе оң шешімін таппақ. 

Өскемен қаласынан өзге, өңір бойынша орталық жылу жүйесіне қосылмаған  900  тұрғын үй мен 1700 әлеуметтік нысан бар. Жылумен қамтылмаған  ғимараттар мыңдап саналғанымен, бұл шаруа қашан бір жақты болары әзірге белгісіз. 

Айдана ДАЙЫРОВА

Хабарламаларға жазылу