Елордадағы «Сергек» камераларының назарынан шетелдік нөмір таққан көліктер тыс қалмайды. Яғни, ереже бұзған кез-келген көлік жүргізушісі айыппұлдан сытылып кете алмайды. Қазақстаннан өзге елдерде тіркелген көліктердің айыппұлы қайда жіберіледі? Жүргізушіге ескерту қалай жасалады? Оңғар Алпысбайұлының репортажы.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
- Көліктің нөмірі тұрмақ, адамның түрін танитын камералардан жол бойында жасырынып жүру мүмкін емес. Ереже бұзған көлік міндетті түрде айыбын өтейді. Мейлі ол Қазақстанда немесе Ресейде, Қырғызстанда, Моңғолияда және басқа елде тіркелсін. Техникалық құжатта шетелдік мекенжай көрсетілсе, тәртіп сақшылары арнайы рейд ұйымдастырады, қала сыртындағы бекеттерге нұсқама береді.
Ал, айыппұл туралы ескерту алғанымен, төлеуден жалтарып жүргендерге жаза тіпті қатаң. Банктардағы шоттарына, жылжитын-жылжымайтын мүліктеріне бұғат қойылады. Тіпті, Қазақстаннан тысқары шығуына да шектеу жасалады.
Дархан Ташмұхамбетов, Астана қаласы Әкімшілік полиция басқармасы Әкімшілік тәжірибе бөлімі бастығының орынбасары:
- Біздің барлық инспекторларда планшеттер бар. Олардың барлығы сергек камераларына қосылған. Бұған дейін ереже бұзған, төленбеген айыппұлы бар көліктерді камера байқаса, оның қай жерде, қай бағытта келе жатқандығы туралы планшетке ақпарат береді. Қызметкерлеріміз бірден тоқтатып, шара қолданады.
Сондай-ақ, «Сергек» бейнебақылау камераларының жұмысына қолайсыз ауа райы да кедергі келтірмейді. Ереже бұзған көлікті таспаға түсіріп, ортақ базаға жүктейді. Дегенмен, жолдағы белгілер қар астында қалып немесе басқа да себептермен көрінбейтін болса, жүргізушіге айыппұл жіберілмейді. Себебі, әр құқық бұзушылыққа қатысты шешімді инспектор шығарады.
Жол ережесін сақтау айыппұл төлемеудің амалы емес. Ең алдымен, өзіңіздің және жолдағы өзге адамдардың қауіпсіздігі мен амандығы үшін қажет екендігін естен шығармаңыз.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ