«KazSat-2» алмастырылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«KazSat-2» алмастырылады

01.02.2018

Қазақстан тағы да бір жер серігін ұшыруды жоспарлап отыр. Ол қазіргі «KazSat-2» спутнигін алмастырады. Ал, техникалық мүмкіндіктері мен тиімділігі бүгінгіден біршама артық болады. Бұл туралы Парламент Сенаты депутаттарының «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығына жасаған сапары барысында белгілі болды.

Шоқан Свогузов, «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығының директоры:

- «KazSat-2» бойынша біз бүгінгі күні жұмсалған қаржыны ақтап шықтық. Оның техникалық ресурсы, жалпы жұмысы 2023 жылға дейін жоспарланған. Сондықтан да оны алмастыру міндетін алдымызға қойып отырмыз.

Қазіргі кезде «KazSat» сериялы ғарыштық спутниктік байланыс ресурстарын елдің ірі телекоммуникация операторлары, ұлттық компаниялар, мемлекеттік органдар мен күш құрылымдары және жеке компаниялар пайдаланады. Ал, заманауи құрылғылармен жабдықталған орталықтың жұмысын толықтай қазақстандық мамандар жүргізіп отыр.

Нұржан Нұрсипатов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Тек биылдың өзінде осы орталық 7 миллиард пайда түсіріп тұр. Таза пайда. Бұл экономикаға, ауыл шаруашылығына және де ауа райын зерттеуге өте қажетті нәрсе.

Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері орталықтың жұмысымен және жабдықталуымен танысқан соң, тиімділігін тағы бір екшеп, болашақ жоспарларын саралады. Жаңа жер серігін ұшыруға барынша дайындықпен келіп, тиімді әрі үнемді жолдарын әлі де зерттеуіміз керек деген тоқтамға келді.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу