Тоқжайлаулықтардың өндірістік кооператив жұмысына көңілдері толмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тоқжайлаулықтардың өндірістік кооператив жұмысына көңілдері толмайды

24.01.2018

Алматы облысындағы Тоқжайлау ауылының тұрғындарының өндірістік кооператив төрағасының жұмысына көңілі толмайды. Жергілікті жұртшылықтың айтуынша, кәсіпорын басшысы шаруашылықты шатқаяқтатып жіберген. Мал басын азайтып, кооператив мүшелерінің пайызын бермей келетін көрінеді. Ал, бірлестік жетекшісі Алексей Бабичевтің пікірі мүлдем басқа. Тоқжайлаулықтар арнамызға хабарласқан соң елді мекенге өңірдегі тілшіміз Қуаныш Қанатұлы барып қайтты.

Ауыл тұрғыны Тұрысхан Әбікеров кооперативте 1994 жылы 35 отар қой, 1500 ірі қара, 600 жылқы болғанын айтады. Зейнеткер шаруашылық «талан-таражға түсіп, жұмысшыларға жағдай жасалмаған», дейді.

Тұрысхан Әбікеров, ауыл тұрғыны:

- 6 мың гектар жер салады. Арпа салады. Талдықорғанға өткізеді. Күзде осы жерде көрсеңіздер КамАЗ деген эшалонымен кетеді. Осының барлығының ақшасы қайда кетіп жатыр. Мен биыл 500 млн. арпадан кіргіздім дейді. Қайда кетті ол? Қайда кетті ол ақша? Есептемей ме Үкімет?

Ал, кооператив төрағасы болса, түскен кіріс пен шығыстың есебін де, қыстақтағы малын да көрсетуге даяр. Жасыратыны жоқ, барлық тиісті құжаттар қолымда деп отыр. Кооперативте жұмыс істейтін 200-дей адамға азды-көпті айлығын төлеп, көмірін арзан бағамен алып береді. Жерінің үлесіне қарай арпа-бидайы да тегін.  

Алексей Бабичев, кооператив төрағасы:

- Бұл істің бәрін мен сотқа беремін. Ол қазір маған анық жала жауып отыр. «100 ғана жылқы қалды», дейді. Бізде қазір 695 асыл тұқымды қазақ жылқысы бар. Қалай бес-алты отар қой қалды деп айтады. Мұның бәрі күйе жағып, жала жабу деп білемін.

Бір топ тұрғын Алексей Бабичевтің үстінен шағымданып, облыс әкімдігіне, тіпті ауыл шаруашылығы министрлігіне де хат жазған. «Олардың жауабын қанағат тұтпай отыр», дейді Тоқжайлау әкімі.

Төлеу Солтанбеков, Тоқжайлау ауылдық округінің әкімі:

- Облыс әкімі тарапынан да комиссия келіп тексерді. Сол жазған нәрселерінің ешқайсысы дәлелденген жоқ. Ол кісілерге бірнеше жауаптары да берілді. Көп адам да емес. 3-4 адам бүкіл халықтың атынан деп осылай теріс ойларын жазып жүр.

Жергілікті билік бұл мәселені кооперативтің есептік жиналысында құзырлы органдарды шақыртып, арнайы қараймыз деп сендірді. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс сол уақытта белгілі болмақ. 

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу