Жетісуда 2025 жылға дейін 80-ге жуық баламалы энергия өндіретін нысан бой көтермек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісуда 2025 жылға дейін 80-ге жуық баламалы энергия өндіретін нысан бой көтермек

22.01.2018

Алматы облысы өзіне керек электр энергиясының 40 пайызын сырттан сатып алады. Өңір дамыған сайын электр қуатына деген сұраныс та артып келеді. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін 2025 жылға дейін 80-ге жуық баламалы энергия өндіретін нысан бой көтеруі тиіс. Елбасы Жолдауындағы «жасыл» экономиканы дамыту тапсырмасын орындау үшін кешенді жоспар құрылды. Алдағы жеті жылда су және жел электр станциялары, күн көзінен және биологиялық қалдықтардан қуат алатын кәсіпорындар салынады.

Алматы облысында қазіргі таңда 20 үлкенді-кішілі су электр станциясы жұмыс істеп тұр. Олардың төртеуі Сарқан ауданында орналасқан. 2025 жылға дейін бұл ауданда дәл осындай 6 су электр станциясы салынатын болады.

Басқан өзенінде орналасқан бұл энергокешен 4,2 мегаватт электр қуатын өндіреді. Кәсіпорынды іске қосқан инвесторлар Алматы облысының табиғи жағдайын тиімді пайдаланып тағы бірнеше су электр станциясын салуды жоспарлап отыр. 

Димаш Алишпанов, Басқан СЭС жобаларының жетекшісі:

- Алдағы көктемде біз Жоғары Басқан-2 және Жоғары Басқан-3 су электр станцияларының құрылысын бастаймыз. Біреуінің қуаттылығы 8,2, екіншісінің қуаты 5,7 мегаватт. Сонда барлығы 18 мегаватт электр энергиясын өндіретін боламыз.

Одан бөлек, консорциум көлемі 80 млн. текше метр болатын үлкен су қоймасын салуды жоспарлап отыр. Жасанды көл өңірдің ауылшаруашылығы мен туризм саласын өркендетуге мүмкіндік береді.

Ерғазы Қошанбеков, Сарқан ауданының әкімі:

- Жекеменшік-мемлекеттік әріптестік арқылы биыл құрылыс жұмысын бастайын деп отыр. Бұл жұмыс іске қосылатын болса, 17 мың гектар жер айналымға қосылатын болады. Оның 3,5 мың гектары Сарқан ауданынан, 3,5 мың гектары Ақсу ауданының жерлері суармалы жерге айналатын болады.

Жалпы, 2020-2025 жылдар аралығында Жетісу өңірінде электр қуатын өндіретін 46 кешен іске қосылуы тиіс. Олардың 25-і су, 11-і жел станциясы болса, 10-ы Күн сәулесінен қуат алатын кәсіпорын болады.

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу