ОҚО-да Жаңа жылда 300-ге тарта сәби дүниеге келді

03.01.2018

Оңтүстік Қазақстан облысында жаңа жылдың алғашқы күні, 1-қаңтарда 300-ге тарта сәби дүние есігін ашты. Бала сүйіп, шаңырағының базары қыза түскен ата-аналар босағадан енді ғана аттаған Ит жылындағы мұндай жағымды жаңалықты жақсы ырымға балап отыр. Дәрігерлердің айтуынша, мерекеде босанған аналардың саны әдеттегі күндерге қарағанда біршама көп болған.

Ақсәуле қаңтардың біріне ауған түні үшінші перзентін дүниеге әкелді. Тұңғыштары егіз ұлдан соң отбасы қызды болды. Жаңажылдық көңіл-күйді айрықша қуанышқа толтырған перзентін ата-анасы Аймерей деп атады.

Ақсәуле Дәулетова, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Жаңа жылда күтпеген жағдай. Өте қуаныштымын. Балаларымның жағдайы өте жақсы. Жылдан-жылға көбейіп, Қазақстан халқының санын арттыра береміз.

Ана болу - бір бақыт. Бұл күні Ләззат та тұңғышын туды. Өздігінен босана алмайтын болған соң дәрігерлерге операция жасауға тура келді. Қазір ананың да, баланың да жағдайы жақсы. 

Мереке күндері перинаталды орталықта 26 шарананың кіндігі кесілген. Мұнда негізінен денсаулығы нашар, толғағы ауыр болуы мүмкін деген жүкті әйелдер босанады. Дәрігерлердің айтуынша, былтыр қыздар көп туса, биыл, керісінше, ұлды болып жатқан отбасылар басым. 

Эльмира Қожахметова, облыстағы №2 перинаталды орталықтың бас дәрігері:

- Біздің перзентхана бойынша ана өлімі болмады. Шырылдаған сәбидің дауысына ешнәрсе жетпейді. Сол үшін Жаңа жыл болсын, басқа күнде де сау анадан дені сау бала туыла берсін дегім келеді.

Ерекше айта кетерлігі, ата-аналары Жаңа жыл күні дүниеге келген балаларына көбіне-көп «Ер» сөзінен басталатын есім қоюды мақұл көрген. Еліміздің ең кішкентай тұрғындарының арасында Еркебұлан, Ерболат дейтін есімдер жиі кездеседі. Ал, қыздардың көпшілігі Еркежан, Аяжан  аталыпты. Жалпы, бүгінде оңтүстікте еліміздегі әрбір бесінші сәбидің кіндігі кесіледі. Ал, жыл сайын 80 мың бала дүние есігін ашады.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу