Ұлттық арнаның Жаңалықтар қызметі жылды қорытындылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арнаның Жаңалықтар қызметі жылды қорытындылады

29.12.2017

Тағы бір жыл артта қалып барады. 12 ай бойы ұжым болып жұмылып, сіздерге жылдам, сапалы, әрі нақты ақпарат таратуға тырыстық. Елдегі, әлемдегі елеулі оқиғалардың басы-қасында жүрдік. Ендеше, 2017 жыл біздің ұжым үшін  несімен есте қалды?

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Он мыңға жуық бейнематериал, мыңнан астам тікелей эфир. Елбасы үндеуі, түрлі мерекелер, «ЭКСПО-2017» көрмесі және оқыс оқиғаларға байланысты 23 арнайы шығарылым. Бұл жаңалықтар бөлімінің ескі жылдың еншісінде кетіп бара жатқан еңбегінің көрінісі.

Биыл еліміз үшін басты оқиғалардың бірі «ЭКСПО-2017» көрмесі болды. Ұлттық арна ашылу салтанатын бастан-аяқ тікелей эфирде көрсетті. Халықаралық шараның алғашқы жұмыс күні 7 рет эфирге шығып, 8 сағат бойы үздіксіз ақпарат тараттық.

Одан соң 3 ай бойы «ЭКСПО ақпарат» айдарымен күн сайын шығарылым жасадық. Халықаралық көрмедегі павильондарды көрермендерге таныстырып, шара аясындағы маңызды келісімдер мен кездесулерді назардан тыс қалдырмадық.

Ал Астана күні қарсаңында елорда төрінде ашық аспан астында көшпелі студия жасақталды. Қызметкерлеріміз әр жердегі мерекелік шараларға барып, эфирге халық арасынан тікелей қосылды, мерекелік көңіл-күйді телекөрермендерге жеткізді.

Тілшілеріміздің әлеуметтік тақырыптағы материалдарының арқасында біраз мәселе шешілді. Редакциямызға хабарласқан тұрғындардың жанайқайына да құлақ түріп, мәселелерін зерттеп, бұқараның базынасын билікке жеткіздік. Құрылыс, білім, мәдениет, медицина басқа да салалардағы қордаланған проблемалардың күрмеуін тілшілеріміз тарқатуға тырысты.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

- Өткен жылға өкпе жоқ. Келер жылдан күтеріміз тіптен көп. Бастысы, сіздердің талғамдарыңыздан шықтық деп сенеміз. Мінекей, күн-түн демей, қысы-жазы сіздерге ақпарат таратқан қызметкерлер. Тілшілер, таспагерлер, бейнемонтажерлар, режиссерлер және басқа да мамандар. Біз сіздердің сұранысыңызға қарай өзгеріп отыруға әзірміз. Ақпараттың турасын Ұлттық арнадан тамашалаңыздар. Жаңа жыл құтты болсын!

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу