Балаларын көрші ауылдағы оқу орнына көшіруге қарсы ата-аналарға Ұлттық арнадан көмек сұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балаларын көрші ауылдағы оқу орнына көшіруге қарсы ата-аналарға Ұлттық арнадан көмек сұрады

26.12.2017

Ақмола облысы, Аршалы ауданы Волгодоновка ауылының тұрғындары редакциямызға көмек сұрап хабарласты. Елді мекенде аралас мектеп бар. Алдағы уақытта қазақ сыныптарын көрші орналасқан Қойгелді ауылындағы оқу орнына көшіру ұсынысы бар екен. Ата-аналар бұған түбегейлі қарсы. Ауылдағы ағайынның мәселесін Оңғар Алпысбайұлы тыңдап келді.

Бердібековтер отбасының 3 баласы қазір қазақ сыныптарында оқиды. Үлгерімдері жақсы. Мәншүк бимен, ал, Айбар спорттың бірнеше түрімен айналысады. Үлкен жарыстардан алған жүлделері де жетерлік. Енді олардың уайымы көрші ауылға қатынап оқитын болса, дайындықтар мен қосымша сабақтарға қатысуы қиындамақ. Ал, оқушылардың сүйікті істерінен қол үзгісі жоқ.

Қыстың күнгі борандарда 7 шақырым жердегі мектепке жол болмай қалуы әбден мүмкін. Ондай жағдайларда көлік қатынамайды. Яғни, балалар мектепке бармайды. Бағдарламадан кеш қалуы мүмкін. Ата-аналар осыдан қауіптенеді. Ондай жағдайда тек қана жалғыз амал - балаларды мектепке атпен апару.

Ауылға барған күні мәселе талқыға түскен жиын өтті. Аршалы аудандық білім бөлімінен өкіл келіп, тұрғындардың ойын тыңдады. Көрші ауылдағы мектепке көшу туралы ой оқушылардың жыл сайын көбеюінен туындап отыр. Сынып бөлмелері жеткіліксіз, кей сабақтар үшінші ауысымға қалдырылады. 1964 жылы тұрғызылған ғимарат 1 рет те күрделі жөндеуден өтпеген. «Қазақ сыныптары жабылса, қаншама білікті маман жұмыссыз қалады», деп те шу көтерді тұрғындар.

Кәмшат Ермағанбетова, Волгодоновка ауылының тұрғыны:

- 2016 жылы 176 бала оқыған. Аралас оқып келді. 2017 жылы 186 балаға көбейді. Сол 10 бала сыймай қалыпты.

Гүлнар Бажайқызы, Волгодоновка ауылының тұрғыны:

- Қойгелді ауылына жіберуге қарсымын. Ал, егер Қойгелді ауылына ауыстырып жіберетін болса, баламызды жібермейміз.

Ал, ауылдық округ әкімдігі мәселені шешудің басқа жолын қарастырып жатқандықтарын жеткізді. Келер жылы елді мекенде жаңа балабақшаның құрылысы басталмақ. Қазіргі уақытта мектептің 4 бөлмесін алып тұрған шағын орталық пен мектепке дейінгі білім беру сыныптары сол жаққа көшіріледі. Сөйтіп, оқушыларға жағдай жасалмақ.

Жанат Күселбеков, Волгодоновка ауылдық округінің әкімі:

- Жобалық-сметалық құжаттама, сараптама, бәрі өтті. Бүгін 22 миллион теңге 140 орындық балабақшаның құрылысына берілді. 2018 жылы балабақшаны бастаймыз.

Тілшілердің араласуымен ауыл тұрғындары өз дегендеріне жетті. Білім бөлімі басшысының сөзін алып, балаларын бөтен ауылға тентіретпейтін болды.

Талғат Әбілқасымов, Аршалы ауданы білім бөлімінің басшысы:

- Мәселе жабылды. Қойгелдіге оқушылар ауыспайды. Біз осы жерге тек қана ата-аналардың ойын білейік деп келіп отырмыз.

Дегенмен, мектепке қатысты ең үлкен проблема әзірге шешімін тапқан жоқ.

Құзырлы орган өкілі ескі ғимаратты жөндеудің жолдары алда жан-жақты қаралатындығын жеткізді. Ал, әзірге нақты жауап жоқ.

 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу