Қарызы бар адамның жолда жүргенін байқаған камера тәртіп сақшыларының қолындағы планшетке ақпарат жібереді. Жақын маңда жүрген инспектор бірден оны тоқтатып, шара қолданады. Жалпы, «Сергек» камералары орнатылғалы бері 12 мыңнан астам тәртіп бұзушылық анықталды. Айыппұлдардың жалпы құны 81 миллион теңгеден асады. Қазіргі уақытта 3 мың адамға 2,5 миллион теңгенің хаттамасы жіберілді.
Таңат Қабышевтың көлік жүргізгеніне 20 жылдан асқан. Бүгінде күнделікті тірлігін темір тұлпарының көмегімен тындырып отыр. Асығамын деп айыпты болған ол бірнеше күндік табысынан санаулы секундта айырылып қалды.
Таңат Қабышев, қала тұрғыны:
- «Сергек» камералары қосылғанда жүргізушілердің бәрі тәртіп сақтап жүріп еді. Содан кейін кімнің айтқаны белгісіз айыппұл келмегеннен кейін көбі кішкене тәртіп бұза бастады. Осыдан екі жұма бұрын автобус жолағына шығып кетіп едім содан міне 4-5 күн бұрын маған айыппұл келді. Енді айыппұлды төлеуге келдім.
Бейне және фото камералар анықтаған ереже бұзу деректері бойынша айыппұл пошта арқылы жіберіледі. Ешқандай СМС немесе қоңырау шалу арқылы хабарланбайды. «Сондықтан, мекенжайды өзгерткенде немесе көлікті сатқанда техниканың құжатын бірден ауыстырған жөн», - дейді тәртіп сақшылары. Сондай-ақ, мұндай ереже бұзу деректеріне 7 күннің ішінде төленсе де, 50 пайыздық жеңілдік қарастырылмайды.
Назгүл Әуелбекова, Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасы процессингтік орталығының технигі:
- Айыппұлдарды біз базадан қолдан өңдейміз. Одан кейін конвертке салып, принтерден шығарып, хабарламаны «Қазпошта» арқылы техпаспортта көрсетілген мекенжаймен 418 теңгелік тапсырыс хатпен жібереміз.
Қазіргі уақытта «Сергек» автобус жолақтарымен жүру, «Стоп» сызығын кесіп өту және жылдамдықты асыру деректерін автоматты түрде анықтайды. Болашақта камералар жетілдіріліп, олардың мүмкіндіктері арттырылмақшы.
Мейрам Дүйсеков, «Astana Innovations» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Алдағы уақытта «Сергек» камералары анықтайтын ереже бұзу түрлерін арттыруды жоспарлап отырмыз. Яғни, олар әлі де жетілдіріледі. Әзірге қандай өзгерістер болатындығы нақты белгісіз. Дегенмен, алдағы уақытта жолдағы тәртіптің сақталуын толық камералар қадағалауы мүмкін.
Сондай-ақ, «Сергек» камерасы тіркеген кей тәртіп бұзуларға айыппұл жіберілмеуі де мүмкін. Алайда, ол ерекше жағдайлар үшін ғана қарастырылған.
Тахир Абдурахманов, Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасы бөлімінің бастығы:
- Мысалы, жүргізуші жедел жәрдем көлігін өткізіп тұрса, бұзылып қалса, немесе жол апатын айналып өту үшін амалсыздан ереже бұзса «Сергек» камерасына түскенімен, айыппұл салынбайды. Себебі, соңғы хаттаманы инспектор толтырады. Егер ереже бұзуға мәжбүр болғаны көрініп тұрса, жазаланбайды.
Қазір бейнебақылау камералары тек қана жолда жүйткіген көліктердің ереже сақтауын қадағалап қана қоймайды. Сондай-ақ, олар адам көп жиналатын қоғамдық орындар мен аулаларға да орнатылған. Егер де сіз кішкентай ғана қоқысты лақтырып жіберсеңіз, бейнебақылау камерасына түседі. Ол камераларды қадағалап, байқап отырған тәртіп сақшылары сізге байланысты бірден шара қолданады. Қазір Астана қаласы бойынша 1,5 мың бейнебақылау камерасы және 160 жерге «Сергек» камералары орнатылған. Алдағы уақытта олардың санын «Сергектікін» 700-ге, ал, жалпы бейнебақылау камераларының санын 7 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Яғни, алдағы уақытта Астанадағы кез келген көлік пен кез келген адамның кез келген қимылы бейнебақылау камераларының назарында болады.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ