Қазақстанның әуе күштері жоспарлы тексеруден өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның әуе күштері жоспарлы тексеруден өтуде

12.10.2017

Онда әскери ұшқыштардың біліктілігі, теориялық және тәжірибелік дайындығымен қоса, техниканың жарақтануы сынақтан өтеді.

Осы жолы МИ-17 және МИ-171 тікұшақтары сыналды. Оқ-жарағы салынып, толық ұрыс дайындығынан өтті. Ал, борттағы десантшылардың орнына біз – журналистер отырдық.

Белгіленген меже - Қарағанды облысындағы полигон. Бүгінгі миссия түнгі уақытта әскери қимылдар жасау. Ол үшін әскери техника түнде көретін құрылғымен де жарақталған.

Асхат Сейілов, МИ-17 әскери тікұшағының экипаж командирі:

 - Біздің техникамыз жоғары сапада. Өйткені, оны қамтамасыз ететін адамдар білікті мамандар және жақсы оқу орындарын бітірген. Еш ақаусыз ұшады.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

МИ-17 әуе күштерінде ең кең таралған және ең тиімді тікұшақтардың бірі болып саналады. Қос қозғалтқышы бар. Сағатына 250 шақырым жылдамдықпен ұша алады және екі жағында 23 калибрлі пулемет орналастырылған. Оның ішінде 250 оғы бар. Жердегі кез келген адам болсын, әскери техника болсын кез келгеніне қарсы пайдаланыла береді. Бортына 16 адам сияды.

Қараңғыда жол табу үшін тікұшаққа GPS құрылғысы да орнатылған. Белгіленген орынға бардық, айдалаға қондық. Бұл десанттарды жерге түсіру имитациясы. Қос экипаж да қойылған міндетті мінсіз орындап шықты. Жалпы, Қазақстанның әуе күштерінде жоспарлы тексеруден өтпей қалған техника да маман да тіркелген жоқ.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу