Тәуелсіздік – қазақтың басты құндылығы. Қазақ елі үшін Тәуелсіздіктің мәні де, маңызы да айрықша. Өйткен, Тәуелсіздіктің арқасында қазақтың тарихы түгенделіп, тілі, діні және ділі қайта жаңғырды. Мемлекеттің ұлттық рәміздері қабылданып, ұлттық салт-дәстүрі жанданды.
1991 жыл
1991 жыл – Алаш жұртының арманы болған азаттық таңы атқан жыл
1991 жылы 24 тамызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Ағымдағы жағдайды бағалау және Республика егемендігін нығайту шаралары туралы» Қаулы қабылдады;
1991 жылдың 29 тамызында Қазақ КСР Президентінің «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлығы шықты. Қазақ жерінде 40 жылдан астам уақыт бойы сынақ жүргізілген ядролық қаруға нүкте қойылды.
Елбасының осы тарихи шешімі, батыл қадамы бүгінде дүние жүзіне мәлім тарихи фактіге айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Қазақстан Президентінің ұсынысын мақұлдап, 29 тамызды Халықаралық ядролық қару-жараққа қарсы күрес күні деп жариялады.
1991 жыл 2 қазан – Әубәкіров Тоқтар Оңғарбайұлы - қазақтың тұңғыш ғарышкері осы күні Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты;
1991 жылы 16 қазанда - «Қазақ КСР-інің Президентін сайлау туралы» Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Заңы қабылданды;
1991 жылы 1 желтоқсанда - Қазақ КСР-інің Президентін сайлауы өтті. Сайлау нәтижесі бойынша дауыс беруге қатысқандардың 98,78 пайыз дауысына ие болған Н.Ә.Назарбаев Республика Президенті болып сайланды;
1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы» Заңды қабылдады. Осы заңға сәйкес жаңа құрылған тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республикасы деп аталды;
1991 жылы 12 желтоқсан күні - «Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18 күндері оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қабылданды;
1991 жылы 16 желтоқсан күні - «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Осы күні 1991 жылы желтоқсанның 16-да Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі жарияланды.
1991 жылғы 17 желтоқсан Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңғыру күні болып жарияланды;
1991 жылы 20 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Қаулысы қабылданды;
1991 жылғы желтоқсанда Алматыға қысқа мерзімді жұмыс сапарымен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер келіп кетті;
1991 жылдың соңында Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігін таныды.
1992 жыл
1992 жылы 10 қаңтарда «Қазақстан Республикасында ішкі әскерлері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қабылданып, мемлекеттің тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында еліміздің ішкі істер әскері құрылды.
Қорғаныс – тәуелсіз мемлекеттің ең маңызды нышандарының бірі. 1992 жылдың 7 мамырдағы «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» №745 Жарлығымен өзінің дербес құрылымы, басқару мен қаржыландыру тәртібі бар республиканың Қарулы Күштер құрылысының негізі салынды.
- Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Президент Қарулы Күштердің Бас Қолбасшысы болып есептеледі. 2003 жылдың 7 мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің №1085 Жарлығы негізінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз күштері құрылды.
1992 жылы 30 қаңтарда Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына кірді. Қазақстан Республикасы ТМД елдерінің ішінде бірінше болып 56 мүше елді біріктірген мемлекетаралық беделді ұйым Еуропа қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымына 2010 жылы төрағалық ету мүмкіндігіне ие болды.
1992 жылы 18 ақпанда Қазақстан балаларының мейірімділік қоры «Бөбек» дүниеге келді.
1992 жылы Алматы қаласында Дүниежүзі қазақтарының І Құрылтайы өтті.
1992 жылдың 2 наурызында Қазақстан БҰҰ-на мүше болып, оның халықаралық қатынастар жүйесінде дербес субъект сапасында ықпалдасуы басталды. 1991-1994 жылдар аралығында әлемнің 111 елі ҚР таныса, 92 мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.
1992 жылы 8 мамырда ҚР-ның дербес Қарулы Күштері құрылды.
1992 жылы 22 мамырда Қазақстан ЮНЕСКО құрамына енді.
1992 жылы 22 мамырда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев және мемлекет басшылары Стратегиялық шабуыл қару-жарағы (СШҚ-1) туралы зымырандық-ядролық қаруды таратпау және бірте-бірте бөлшектеп, шығарып тастау туралы Лиссабон хаттамасына ядролық қарудан арылу міндеттемесін алды.Өз аумағын ядролық қарусыз аймақ деп жариялады.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мен ұлттық сипатын жаңа мемлекеттік рәміздер бейнелейді. 1992 жылдың 4 маусымында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заңдар күшіне енді. 11 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұранының мәтіні туралы» Заң қабылданды.
1992 жылдың қазан айында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды. Екі елде өз елшіліктері ашылды.