Ғалым, қоғам қайраткері Мұхтар Арын жайлы монография жарық көрді
Ақтөбеде белгілі ғалым, педагог, қоғам қайраткері Мұхтар Арынның 90 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен өткен шарада ойшыл ұстазға арналған тұңғыш монография таныстырылды. Шәкірттері мен әріптестері әдемі естеліктерімен бөлісті.
Мұхтар Арын қазіргі Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін 12 жыл бойы басқарып, өңірде ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Қазақ тілінің жанашыры бола жүріп тарих пен дәстүрді, білім мен тәрбие жұмысын ұштастыра білді. Білікті шәкірт тәрбиеледі, ұлт руханияты мен ұрпақ тәрбиесіне қажетті мол мұра қалдырды. Белгілі тарихи тұлғалардың есімін қайта жаңғыртып, халыққа танытты.
Сабыржан Мұхтаров, филология ғылымдарының кандидаты:
Саясатқа, иедологияға бейім адам еді. Әсіресе тәуелсіздік қарсаңында, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында осындай рухани салаға өлшеусіз еңбек етті.
Жиналғандар Мұхтар Арын идеяларының халықтық педагогикамен ұштасатынына ерекше тоқталды. Конференция барысында Мәжілісінің төрағасы мен Мәдениет және ақпарат министрінің және Ақтөбе, Абай облыстары әкімдерінің құттықтау хаты оқылды.
Абат Паңгереев, филология ғылымдарының докторы, профессор:
Ол кісі ректорлық кабинеттен шығып, өңірдің өндірісіне, рухани қажеттілігіне орай басқа да жұмыстармен шұғылданды. Сондықтан да оның есімі халықтың жүрегінде қалды.
Мұхтар Арын парасатты пайымымен, терең зердесімен ел есінде қалды. Оның шәкірттері бүгінде ғылымның әр саласында табысты еңбек етіп жүр. Өзі қызмет еткен білім ордасының бас ғимараты мен мектепке және көшеге есімі берілген. Ақтөбе жұрты ғалымның есімі мен еңбегін ұмытпайды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы