Басты Жаңалықтар Соңғы қоңырау қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Соңғы қоңырау қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Мектеп бітіру кешін мейрамханада тойлауға түбегейлі тыйым салынды. Осыған орай Алматы облысында білім саласы мен полиция департаментінің өкілдері ата-аналар мен түлектерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Сондай-ақ жиында балалардың жазғы демалысын қауіпсіз ұйымдастыру да кеңінен талқыланды.

Баспасөз мәслихатында оқу жылының аяқталуына байланысты түлектер қауіпсіздігі мәселесі қозғалды. Полиция қызметкерлері соңғы қоңырау күні мен мектеп бітіру кешінде келеңсіз жағдайлар жиілейтінін айтты. Әсіресе, мамандар автокортеж ұйымдастыру, көлік терезесі мен люгінен шығу, жолда жарысу - бұл тек заң бұзушылық емес, адам өміріне тікелей қауіп төндіретін әрекеттер деп отыр.

Еркебұлан Ахметов, облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:

Егер жасөспірімдер терезеден, люктан шыққан болса жүргізуші де, жас түлектің ата-анасы да жазаланады. Кәсіпкерлер, оның ішінде ресторан, коттедж беретін кәсіпкерлерге ескертудеміз. Егер ата-анасыз, заңды өкілінсіз жүрген жағдай болса, ол коттеджде құқықбұзушылық орын алса шара қолданамыз.

Қазір полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Құқық бұзушылықтар тек патрульдік бақылаумен емес, бейнекамералар, арнайы дрондардың көмегімен де анықталады. Мұндай профилактикалық шаралар жазғы демалыс кезеңінде де жалғасады, дейді полиция өкілдері. Білім саласының мамандары жазғы уақытта балалардың уақытын тиімді өткізу мақсатында маусым айынан бастап облыс аумағында 34 жазғы сауықтыру лагері жұмысын бастайды, деп атап өтті.

Ақмарал Атенбекова, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

Бүгінгі күнде барлығын толығымен тексеруден өткіздік. Яғни, санитарлық талаптарға сай болуы, өрт қауіпсіздігі, сонымен қатар тамақтануы, ас мәзірі, балалардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында сол лагерьдің алаңдарына толығымен тексеру жүргізілді.

Алматы облысында 497 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Биыл өңірде 11-сыныпты 18 мыңнан аса түлек аяқтап, маусым айының соңында үлкен өмірге қадам баспақ. Мектеппен қоштасу - әр түлек үшін ерекше сәт. Дегенмен, қауіпсіздік талаптарын естен шығармау керек деген мамандар ата-аналарды балаларының әр қадамын бақылауда ұстауға шақырды.

Бөлісу