«Қазмедиа» орталығында кореялық мамандардың қатысуымен отандық медиакомпания қызметкерлеріне арналған тәжірибелік семинар өтуде (ФОТО)
Бүгін Астанадағы «Қазмедиа» орталығында продюсерлік және режиссура шеберлігі бойынша Корей білім беру институты мамандарының қатысуымен телеарна қызметкерлеріне арналған тәжірибелік семинар басталды.
«Қазақстан» РТРК» АҚ-ның ұйымдастыруымен қолға алынған шара «Сапалы сериалдық контент дайындау» тақырыбы бойынша өтуде.
Тараптар төрт күн бойы бағдарламаларға режиссерлік және продюсерлік етудің маңыздылығы, қажеттілігі, сериалдар құрылымы, телехикаяларға кастинг жүргізу процесі, жалпы, кино өндірісі мен ноу-хау бағдарламалар жасау бойынша біліктіліктерімен бөлісетін болады.
Семинарға Продюсерлік және режиссура шеберлігі бойынша Корей білім беру институтының (KDPE) Бас хатшысы Ким Ен Гын, «MBC» оңтүстіккореялық телевизиялық желісінің бұрынғы директоры Жанг Теен, кореялық «Pan Entertainment» өндіруші компаниясының сериалдар бойынша бөлімінің вице-президенті Чжонг Санг қатысуда.
Кореялық әріптестерімен тәжірибе алмасу үшін шараға «Қазақстан», «Астана», «31 арна», «7 арна» сынды отандық медиакомпания қызметкерлері шақырылды.
Продюсерлік және режиссура шеберлігі бойынша Корей білім беру институты (KDPE) – Корея еліндегі өндіріс пен дистрибюцияны нығайту үшін құрылған жалғыз кәсіби мекеме. Ол бизнес-тренерлер мен кәсіби мамандардан құралған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы