Басты Жаңалықтар Жоңғар Алатауының баурайында Сиверс ағашы бүршік жарды

Жоңғар Алатауының баурайында Сиверс ағашы бүршік жарды

Жетісу облысы, Жоңғар Алатауының баурайында алманың арғы тегі саналатын Сиверс ағашы бүршік жарды. Осыған орай өңірде ауқымды мерекелік фестиваль өтті. Табиғаттың әсем көрінісін тамашалауға келгендердің қатарында отандастарымызбен қатар Қырғызстан, Қытай, Түркия, Америка азаматтары да бар. Көктемнің көркін айшықтаған шара жайын әріптесім Нұрдәулет Сыздық тарқатады.
Жер бетіндегі жабайы алманың жартысына жуығы Жетісу жерінде өседі. Қазір Сиверс ағашының гүлдеп, құлпырып тұрған шағы. Осыған орай соңғы 9 жылда Жоңғар Алатауы ұлттық паркінде ауқымды фестивальдер ұйымдастырылып келеді. Күні бүгінге дейін бұл шараны тамашалауға 15 мыңнан астам адам келген. Биылғы бағдарламаның да ауқымы кең.

Жетісудың табиғаты қатты әсер етті. Сиверс алмасының бүршік жаруы ерекше қуаныш сыйлап, көңілді сергітті.
Экологиясы кұшті болған мемлекеттің мәдениеті де күшті болады.
Фестиваль аясында мәдени шаралармен қатар спорттық ойындар, қолөнер көрмесі және ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды. Табиғат жанашырлары Қазақстандағы ең әсем табиғи құбылыстардың бірін тамашалап, тау бөктеріндегі таза ауада уақыт өткізуге мүмкіндік алды. Сала мамандары бұл экологиялық мереке өңірдегі ауқымды іс шаралардың бастамасы деп бағалады.
Марлен Көлбаев, Жетісу облысы әкімінің орынбасары:
Жетісу облысы бойынша 24 якорлы іс шаралар өтеді. Оның үшеуі республикалық деңгейде, қалғандары облыстық деңгейде. Бірақ деседе қазір халықтың қызығушылығы көп артып келеді.
Ғалымдар Сиверс алмасының қорын ұлғайтуды маңызды міндет деп санайды. Себебі бұл —алма біткеннің арғы тегі саналатын бірегей генетикалық қор. Осы сұрып арқылы жаңа жеміс түрлері шығарылып, пайдалы өнім алуға мүмкіндік бар. Ұлттық парк аумағында жабайы алманың 40-тан астам түрі өседі. Ал оның қорын молайту жұмыстары жыл сайын жалғасып келеді.
Марат Қабиев, «Жоңғар Алатауы» МҰТП директоры:
Он жылдан астам уақыттан бері Сиверс алмасының көшеттері тауға отырғызылып келеді. Жыл сайын 30 гектар жер игеріліп, осы аумаққа 60–65 мың көшет егіледі. Бүгінде 300-ден астам гектар жерге 500 мыңнан аса көшет отырғызылған.
Сиверс алмасын көбейту – маңызды міндет. Былтыр Жетісу облысына 2 миллионға жуық турист келгенін ескерсек, табиғатты қорғау мен туризмді дамыту қатар жүруі тиіс, дейді мамандар.

Бөлісу