Екібастұздағы кәсіпорын дағдарысқа ұшырауы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұздағы кәсіпорын дағдарысқа ұшырауы мүмкін

31.07.2014
Екібастұздағы кәсіпорын дағдарысқа ұшырауы мүмкін

Еліміздегі энергия үнемдеу бағдарламасы аясында ашылған Екібастұздағы диодты шамдар шығаратын кәсіпорын жабылуы мүмкін. Дерекке қарағанда, отандық өнімнің сапасы жаман емес, бағасы да арзан.

Бірақ, мемлекеттік тапсырыс бойынша өткізілетін тендерлерді Қытай және Ресей зауыттарымен жұмыс істейтін «делдал» фирмалар алып жатыр.

Бастапқы бетте кәсіпорын өнімі қолдан-қолға тимейтін. Әсіресе, өндірістік саладан көп тапсырыс түсті. Себебі, әдеттегі 50-70 люмендік шамдарды қуат үнемділігі жоғары 115-117 люмендік шамдар алмастырды.  Мынау Екібастұздағы тау-кен транспорты құралдарын шығаратын зауыт. Жарық тым жоғары қойылған.

Владимир Павленко, бас механик:

35 метрлік биіктікте тұрған шамдар осыншама үлкен ғимаратты жап-жарық етіп тұр. Сәулесі көзді ауыртпайды. Электр қуатын көп үнемдейді.

Кезінде кәсіпорынға Қазақстан Республикасы Парламентінің Шаруашылық басқармасы да тапсырыс берген. Тек, диодты шамдардың  қызмет көрсету мерзімі ұзақ, дейді Сергей Мороз. Яғни, оларды алмастыру үшін көп күтуге тура келеді.

Сергей Мороз, өнімді өткізу бөлімінің бас маманы:

Парламент ғимаратындағы кабинеттерде біздің өнімдеріміз тұр. Тіпті, депутаттар елімізде мұндай өндіріс орны бар екеніне қуаныштарын білдіріп, алғыс жолдаған болатын. 

Кәсіпорын жеке қаржыға салынған. Несиелік қарызы жоқ. Қазір өнімді жеке тапсырыстар бойынша өте аз мөлшерде шығарып жатыр. Ал,  кәсіпорынның диодты шамдарды жасау, құрастыру жобалары мен жаңа сызбаларын сатып алуға ресейлік зауыт қайта-қайта келгіштеп жүр.  

Виталий Михеев, кәсіпорын директоры:

Біртіндеп өндірісті тоқтатамыз. Жұмысшыларды қысқарту керек. Себебі, кіріс жоқ.

Өйткені, мемлекеттік тапсырыс бойынша жарияланған тендерлерді «делдал» фирмалар ұтып алады.  Қытай мен Ресейде жасалған, бағасы арзан. Бірақ, олардың әкелетін өнімдерінің құрамында сынап бар.

Яғни, жарамсыз болып қалған жағдайда арнайы орындарда залалсыздандыру керек. Ол да қосымша қаражатты талап етеді. Сонда өнеркәсіптік деңгейде жұмыс істейтін отандық кәсіпорынның таза өнімін қолдануға кедергі жасау кімге тиімді?  Осындай сипатта орын алып отырған мәселеге биліктегілердің назар аударғаны жөн болар.

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу