Басты Жаңалықтар Қазақстан-Ресей: Экономикалық ынтымақтастықты дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданды

Қазақстан-Ресей: Экономикалық ынтымақтастықты дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданды

Қазақстан мен Ресей экономикалық ынтымақтастықтың 2030 жылға дейінгі кешенді бағдарламасын қабылдады. Президенттің мемлекеттік сапары аясында екі ел стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетуге уағдаласты. Қасым-Жомарт Тоқаев көрші елдердің тарихи тамыры, өткені мен құндылықтары ортақ. Қос халықтың достығытағдырдың жазуы екенін айтты. Теріскейдегі алып елмен байланыс қалай дамымақ? Президенттер қандай мәлімдеме жасады?

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Екі күнге жалғасқан Президенттің мемлекеттік сапары іс-шараларға толы болды. Ауқымды келіссөз, маңызды келісімдер. Екі ел президенттері Мәскеуде. Осы кезде Оралда өңіраралық форум өтті. Оған мемлекеттер басшылары онлайн қосылды. Ресейдің 12 аймағы мен Қазақстанның 8 облысы шекаралас. Мұнда 32 миллионнан аса адам тұрады. Қарым-қатынасқа қарқын қосып отырған да осы өңірлер. Биылғы жиын «Жұмысшы мамандықтарэкономикалық өсімнің қозғаушы күші» тақырыбына арналды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Форум тақырыбының мәні ерекше. Өйткені жұмысшы мамандық иелері шын мәнінде елдеріміздің экономикалық өрлеуіне үлкен үлес қосады. Аталған бағыттарға дәйекті түрде инвестиция салатын елдер инновация мен орнықты дамуда көш бастайтынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр.

Форумның Оралда өтуінің де символдық мәні бар деді Президент. Тарихи шаһар ғасырлар бойы халықтар бірлігін бекемдеуге дәнекер болып келеді. Ортақ жобалардың ірісі атом станциясының құрылысы. АЭС құрылысына алты мыңға жуық жұмысшы және үш мыңнан астам орта буын маманы жұмылдырылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Атом саласындағы кадр әлеуетін күшейту Қазақстан үшін аса маңызды сипатқа ие. Біз бұл мәселені шешуде ресейлік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастыққа ерекше мән береміз. Жақында МИФИ ректорын қабылдап, оның өтінішімен оқытушылардың және ғалымдардың жұмыс жағдайын жақсарту жөнінде тапсырма бердім.

Білім саласындағы байланыс бекем. Жоғары оқу орындары арасында мың жарымға жуық келісімшарт жасалған. Қазақстанда Ресей университеттерінің 9 филиалы жұмыс істеп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ұлы Абай: «Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі», - деп жазған болатын. Әрине қазір заман басқа. Бірақ ұлы Абайдың сөзі әлі де өзекті. Ресейдің жоғары оқу орындары, Ресейдің ғылымы әлемдік ғылым-білім прогресінде көптеген көрсеткіш бойынша көш бастап келеді.

Оралдағы форум аясында өңірлер арасында ондаған жаңа меморандум мен коммерциялық келісімшарттарға қол қойылды.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

Келесі форум 2026 жылы Қазан қаласында ұйымдастырылады. Біз Қазақстан делегациясын осы шараға қатысуға шақырамыз. Екі ел аймақтарының білім беру мен кадр даярлау салаларында ғана емес, экономикалық және әлеуметтік өмірдің басқа да бағыттарында ықпалдастық орнатуына мүмкіндік мол.

Жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық туралы декларацияға қол қойылды.

Кремль сарайында қос ел кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Делегация құрамы ауқымды. Қос ел үкіметінің барлық дерлік мүшесі мен ірі бизнес өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы құрлық арқылы өтетін әлемдегі ең ұзын шекара – тату көршіліктің жарқын символы деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Менің ойымша, посткеңестік кеңістіктегі екі жетекші мемлекет арасында орнаған жан-жақты байланыстың ауқымы, шын мәнінде, еуразиялық қауіпсіздік жүйесінің маңызды элементіне айналды. Бұл тұжырымдаманы бірқатар мүдделі мемлекет талқылап, зерделеуде.

Ресей - Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі. Былтыр алыс-беріс 28 миллиард доллардан асқан. Енді оны 30 миллиардқа жеткізу міндеті қойылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 «Солтүстік – Оңтүстік», Транскаспий халықаралық көлік бағдары, «Аягөз – Бақты», «Достық – Мойынты» теміржол желілері және басқа да жобалардың мүмкіндігін кезең-кезеңімен кеңейтуге келістік. «Трансалтай диалогы» перспективті бастамасын одан әрі ілгерілетуге ниеттіміз. Аталған формат Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия арасындағы тату көршілік пен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтетін оңтайлы алаң болады.

Келіссөздер барысында президенттер өңірлік және жаһандық күн тәртібіне қатысты пікір алмасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан мен Ресей арасында шешімін таппайтын түйткіл жоқ. Бұл тараптардың жауапкершілігі мен бірлесе жұмыс істеуге құлшынысы жоғары екенін көрсетеді. Мазмұнды келіссөз жүргізіп, қонақжайлық танытқаны үшін құрметті Ресей Президентіне тағы да алғыс айтамын. Тату көршілік қатынастарымыз болашақта да стратегиялық серіктестік пен одақтастық мұратына жетелей береді деп сенемін.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

Саясат, қауіпсіздік, сауда-инвестициялық, мәдени-гуманитарлық салаларда ұзақ мерзімді перспективадағы бірлескен жұмыстың нақты бағыттары үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдер мен меморандумдарда белгіленді. Әрине келіссөздерде экономикалық ықпалдастыққа басымдық берілді. Қазақстан – Ресейдің ТМД және тұтас еуразиялық кеңістіктегі ірі сауда серіктестерінің бірі. Сонымен қатар елдеріміз арасындағы алыс-беріс үнемі әртараптандырылып келеді. Онда шикізаттық емес өнімдердің үлесі көп.

Көлік, ғарыш, денсаулық сақтау, білім мен өнеркәсіп. Сапар аясында екі ел барлығы 13 құжатқа қол қойды. Ал келісімдердің ішіндегі ең маңыздысы мемлекетаралық қарым-қатынасты жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларация.

Ресми келісімдер кешкі аспен жалғасты. Владимир Путиннің атынан Қазақстан делегациясына Кремльде мемлекеттік қабылдау өтті. Сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей – Қазақстанның Құдай қосқан көршісі деп тілге тиек етті. Ал Владимир Путин «Қазақстан – Ресейдің одақтасы, стратегиялық серіктесі және тату көршісі деп атап өтті. Қарбаласқа толы болған бағдарлама Үлкен театр төріндегі гала концертпен түйінделді.



Бөлісу