Қазақстан-Ресей XXI өңіраралық ынтымақтастық форумы аяқталды
Оралда Қазақстан-Ресей XXI өңіраралық ынтымақтастық форумы өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған ауқымды іс-шараға Ресейдің 12 облысы мен Қазақстанның 10 өңірінен 400-ге жуық делегат қатысты. Стратегиялық серіктестер сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-әлеуметтік әріптестік туралы 11 құжатқа қол қойды.
Батыс Қазақстан
облысы Ресейдің 5 өңірімен шектеседі. Әуелден ауылы аралас, қойы қоралас жатқан
қос елдің достығы бүгін де мығым. Ал мұндай ауқымды жиындар байланысты одан әрі
бекемдей түспек. Оған дәлел – екіжақты бірлескен кәсіпорындардың дені осындай өңіраралық
форумдар аясында құрылған.
Нариман Төреғалиев,
облыс әкімі:
Батыс Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясының арасындағы сыртқы сауда айналымы соңғы үш жылда 2 млрд АҚШ долларынан асты. Бүгінде шетелдіктердің қатысумен 2 мыңнан астам компания жұмыс істеп жатса, соның жартысы – ресейлік компаниялар.
Форум аясында қазақстандық кәсіпорындар мен колледждердің көрмесі ұйымдастырылды. Өндіріс пен білім тоғысқан бірегей алаңда жұмысшы мамандықтары дәріптелді. Алайда кәсіби маман тапшылығы екі жақты да алаңдатады. Сарапшылар бұл мәселені бірігіп шешуге, жаңа тетіктер табуға уағдаласты.
Найля Исхакова, Орынбор облысының Еңбек және халықты жұмыспен қамту министрі (РФ):
Қазақстандық әріптестерімізбен тәжірибе алмастық. Жұмысшы мамандықтарына қатысты жастар орталығында қолдануға болатын бірнеше әдіс-тәсілдерді түртіп алдық. Бұл мен үшін құнды сапар болды. Келгеніме өкінбеймін.
Жиынның жалпы отырысында қос елдің Мемлекет басшылары бейнебайланыс арқылы сөз сөйлеп, форум жұмысына табыс тіледі. Қазірдің өзінде көрші елдер арасында 30 бірлескен жоба іске асып жатыр. Онда 12 мыңнан астам адам еңбек етеді. Екі жақтың да энергетика, машина жасау, металлургия, химия және ауыл шаруашылығы салаларының табысы еселеніп отыр.
Арман Шаққалиев, Сауда және интеграция министрі:
Ресей – біздің негізгі стратегиялық, сауда-экономикалық серіктесіміз. Соңғы 5 жылда екі елдің тауар айналымы 50 %-ға артты. Былтырғы көрсеткіш 28 млрд АҚШ долларына жетті. Екі ел президенттерінің алға қойған міндеті – қос мемлекет арасындағы тауар айналымын 30 млрд АҚШ доллары деңгейіне жеткізу.
Форумның нақты нәтижесі – отырыс соңында қос тарап 11 келісім бойынша құжат алмасты. Енді Батыс, Шығыс, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Павлодар облыстары мен Ресейдің Орынбор, Омбы, Астрахань, Саратов, Волгоград өңірлері сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-әлеуметтік салада жаңа жобаларды іске асырмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы