Қырман «қызылға» толмай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қырман «қызылға» толмай тұр

09.07.2014
Қырман «қызылға» толмай тұр

Жамбыл облысында егін орағы басталды. Алайда, биылғы күн райының қолайсыздығы жердің ырзығын азайтып, диқанның несібесін ортайтып тастады.

Орта есеппен егістіктің әр гектарынан бар болғаны 8 центнерден ғана өнім жиналуда. Қамбаға құйылып жатқан астық жылдағыдан екі еседей аз. Оның үстіне мемлекет тарапынан берілетін арзан бағадағы жанар-жағармай да шаруалардың қолына тимей отырған жайы бар.

Мына шаруашылық биыл 600 гектардай жерге арпа, бидай сепкен болатын. Көктемде аздап жауын жауғанымен үздіксіз соққан  аңызақ жел жердің аңқасын кептіріп жіберді.

Тамырына ылғал жетпеген егін өспей қалған. Бойы тізеге де жетпейді. Жылдағыдай иліп тұрған  масақ та жоқ. Шаруашылық гектарынан 4-5 центнерден ғана астық жинап жатыр.

Алпысбай Жұмаханов, шаруа қожалығының басшысы:

Биыл көктем салқын болды. Жаз ыстық болды. Суармалы жер мынау. Біз судың аяғындамыз, Су келмейді. Суармалы жерден осындай өнім алып жатырмыз.

Диқанды дағдартып отырған тағы бір жайт, арзан бағадағы  жанар-жағар майдың жетіспей жатқаны. Ірі шаруашылықтар амалсыз қолдағы барымен  орақты бастап жіберді. Қаражаты жоғы күтіп отыр.

Сағади Балғаев, шаруа қожалығының бригадирі:

Ақ егіске жанар-жағармай әлі алған жоқпыз. Тапсырыс беріп қойғанбыз. Ауданда жатыр. Ауданның өзіне жанар- жағармай келмеген.

Жалпы алғанда, жамбылдық  диқандар биыл 237 мың гектар жерге дән септі. Егіс аумағы өткен жылмен салыстырғанда, 14 мың гектарға артық.

Оны жинап алу үшін 20 мың тоннадай жанар-жағармай қажет. Бүгінге дейін оның тек 13 пайыздайы ғана берілген. Себеп, ортадағы делдалдардың берекесіздігі.

Зиятхан Өмірәлиев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Мұнай өнімдері зауытындағы бағаға байланысты сәл кешігіп отыр. Біздің операторлар зауыттан ала алмаған.

Піскен егін уақытылы орылмаса, босқа ысырап болады. Ал, бұл іске жауапты мамандардың сөзіне сенсек, Үкімет тарапынан арзан бағада берілетін жанар-жағармайды шаруалардың  әлі бір аптадай күтуіне тура келеді.  

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

 

Хабарламаларға жазылу