Еліміздегі кембағал жандардың 80 пайызы жұмысқа жарамды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі кембағал жандардың 80 пайызы жұмысқа жарамды

06.06.2014
Еліміздегі кембағал жандардың 80 пайызы жұмысқа жарамды
Қазір елімізде 610 мыңдай мүгедек жан бар. Оның 80 пайызы, яғни, 500 мыңдайы жұмысқа жарамды. Алайда, олардың тек 50 мыңы ғана тұрақты жұмыс істейді. Дені - жеке кәсібін дөңгелетіп отырған жандар.
 
Диқан  ауылында тұратын Лесбек Бейсалиев қоларбаға таңылса да, еңбектен қол үзбеген жан. Бие байлап, саумал ашытып, атакәсіпті жалғастырып келеді.
 
Ұлттық сусынды дайындап, баптаудың қыр-сырын әбден меңгерген. Жасы 50-ді еңсерген жігіт ағасы сабаны өзі ыстап, күбіні де өзі піседі.
 
10 шақты биенің қымызын күнделікті облыс орталығына апарып сатып келетін де - өзі. Еңбекқор азамат енді несие алып, жылқы басын көбейтпек. Сауын аппаратын сатып алу да жоспарында бар.
 
Лесбек Бейсалиев, І топтағы мүгедек:
Қарап жата берсең, отбасыңа да, достарыңа да керегің жоқ. Ал, егер тірлік істеп, елмен араласып жүрсең, өзіңнің мүгедек екендігіңді  білмей де қаласың.
 
Ал, көкшетаулық Исропол Евлоев - кәсіби көлік жүргізушісі. 20 жылдай бұрын көлік апатына ұшырап арбаға таңылған еді.
 
Қарыс қадам аттай алмаса да, қазір қарап отырған жоқ. Жеке кәсібін ашты. Қазір тапсырыспен жиһаз жасайды. Көрпе-жастықтың тысын тігеді. Жұмыстан қолы қалт еткенде, спортпен айналысады.
 
Исропол Евлоев, І топтағы мүгедек:
Өмір бақи үйде қарап отыра алмаймын. Бір жағынан ішің де пысады. Ақырындап, осы кәсіптерді меңгере бастадым. Білмегенімді білетіндерден сұрап аламын. Өзім бұрын құрылысшы болғанмын.
 
Шығыс Қазақстан облысында мүмкіндігі шектеулі 15 жан Халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істейді. Солардың бірі - өскемендік Дәуренбек Қауысқанов. Жоғары білімді. Бірақ, 16 жылдан бері II топтағы мүгедек. Қоғамдық жұмыстарда жүріп көзге түскен оны Халыққа қызмет көрсету орталығының басшылары бірден жұмысқа қабылдапты. Қазір орталықтағы білікті инспекторлардың бірі.
 
Дәуренбек Қауысқанов, Халыққа қызмет көрсету орталығының инспекторы:
Жұмыс тұрақты. Адам көп келеді, қызықты. Өзіме ұнайды, осылай еліме, халқыма қызмет көрсетсем, деген арманым болған.
 
Мүмкіндігі шектеулі жандардың жалдамалы жұмысқа қарап отырмай, өз ісін бастауы - біздегі стратегиялық міндеттің бірі. Сондықтан, мемлекет те мұндай жандардан көмегін аяп отырған жоқ. 
 
Шынар АСАНҚЫЗЫ
Берік КӨШЕРБАЕВ
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу