Ананың мейірімі шексіз. Тек өзінің ғана емес, өзгенің де баласына жүрегін үзіп беретін, айналасына шуағын шашатын абзал жандар аз емес. Жамбыл облысының Аса ауылында тұратын Айгүл Разақова 200-ден астам балаға аналық қамқор болуда.
Ол өз үйін «Айналайын» деп аталатын балалар мен жастардың орталығына айналдырған. Бүгінде ЮНЕСКО клубы мәртебесін иемденген орталықта балалар ән-би үйреніп, қолөнер бұйымдарын жасайды. Ақындық, табиғат пен қоршаған ортаны аялау секілді түрлі үйірмелерге қатысып, өнерін ұштайды, таным-түйсігін кеңейтеді.
«Айналайынның» құрылғанына он жылдан асты. Содан бері Айгүлдің шаңырағы балалықтың бал дәурені тасыған, мейірім шуағы ескен ордаға айналды. Өзі бас болып балаларды түрлі өнерге баулиды. Балалар тоқыма тоқиды. Іс тігеді. Темір иіп, ұсталықпен де айналысады.
Сондай-ақ, әдептілік пен ізгілікке үйренеді. Бірақ, қайсыбір істің астарында жеткіншектерге тәлімді тәрбие беру - басты қағида.
Айгүл Разақова, «Айналайын» балалар және жасөспірімдер орталығының жетекшісі:
Осының арқасында олар қазірден бастап отбасы құруды, оның өзінің бір бұрышының әдемі болуын сезіне бастайды.
Жастайынан көз жанарынан айырылған Қолғанат та «Айналайынның» бір мүшесі. Поэзияда жауһар жырларымен танылып келе жатқан жас. Бұған дейін ашылып көп сөйлей қоймайтын, ортаға көп араласа бермейтін ол осында келіп өзінің қатар құрбыларын тапты.
Қолғанат Оңғарбаева, Аса ауылының тұрғыны:
Өзіммен тағдырлас жандармен сыр бөліссем дейтін едім. Бұл арманымның бір бөлігі орындалды деп білемін.
Айгүл енді Қолғанат секілді мүмкіндігі шектеулі балаларды да қоғамға бейімдеу ісін қолға алды.
Айгүл Разақова, «Айналайын» балалар және жасөспірімдер орталығының жетекшісі:
Еріктілер клубын ашып, өзімен жасты балалармен араласуды, сау балаларға қосып, оның мүгедек емес екенін сезіндіріп, қоғамға әсерін тигізе алатындай етіп үйретсек пе деген мақсатымыз бар.
Осындай қайырымды істері үшін «Айналайын» Юнеско клубы мәртебесін иемденді. Мұнан өзге бірнеше халықаралық ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста. Өмірде жолын адаспай тапқан адам ғана бақытты. Әулиеаталық Айгүл Разақова - осындай жан.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ