Таянышқа сүйеніп, әр қадамын басқан сайын кішкентай Айбол үлкен күш жұмсайды. Соның өзінде анасының көмегі қажет. Роза Ділмағанбетова тұңғышын аяғынан тік тұрғызсам деген үмітпен көптеген емдеу - сауықтыру мекемелерінің табалдырығын тоздырды. Соңғы ем қабылдаған жері Қызылорда қаласындағы спорттық -сауықтыру орталығы.
Роза Ділмағанбетова, Айболдың анасы:
Қызылордада оңды өзгерістер болды. Балдақпен жүріп кеттік. Аяғын созып отырды. Содан кейін енді сол жерге тағы барғымыз келеді.
Бірақ Қызылордаға қайта барып ем қабылдау үшін кемінде 500 мың теңге қажет. Алғашқысында банктен несие алып, қолындағы малдарын сатып амалдаған. Осылайша аздаған қорын сарқып алған жас отбасы, енді қайырымды жандар көмектесер деп үміттенеді.
Роза Ділмағанбетова, Айболдың анасы:
Осы ұлымды аяғынан тұрғызып, мектепке аяғымен апарсам, қатарынан кем қылмасам деймін.
Айболдың ақыл-есі бүтін, бәрін түсінеді. Ән салып, тақпақ айтқанды ұнатады. Бойында балаға тән мінездің бәрі бар. Тек көкейіндегі арманы ғана өзгеше.
Айбол Болат:
Жүргім келеді, ойнағым келеді, мектепке барғым келеді.
Роза Ділмағанбетова, Айболдың анасы:
Кейде сұрақтар қояды, маған аяқты не үшін берген деп. Кейде Құдай бар ма, деп сұрайды. Бар болса маған неге көмектеспейді, дейді. Сондайда не айтарыңды білмейсің. Халықтан көмек сұраймын. Қызылордаға енді тым құрыса бір рет барып келсек, деп.
«Қазақстан халық банкі» АҚ. БИК HSBKKZKX. БИН 960941000234
№ KZ 816013023000031886.
Айболға көмек қолын созғысы келген азаматтар өз қаржыларын көрсетілген есепшотқа аударулары қажет. Қосымша ақпарат алу үшін Қазақстан ұлттық арнасының «Жаңалықтар» қызметіне қоңырау шалсаңыздар болады.
Дәуренбек ӘБДІБЕК