Халық қант тапшылығын тартуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халық қант тапшылығын тартуда

19.02.2014
Халық қант тапшылығын тартуда
Тоқсаныншы жылдардың басында дүкендердегі азық-түлік тек талонмен ғана берілетін. Сол кездері ел көп нәрсеге үнемшілдікпен қарайтын.
 
Алайда, сол көріністің тағы қайталанатын түрі бар. Бүгін жер-жерден «қант жоқ», деген тұрғындардың ащы айқайы жетіп жатыр. Оны сауда орындарының басшылығы да мойындап отыр. Халықтың қант тапшылығын тартуына не себеп?
 
Бүгін - үшінші күн. Гүлдана Шайсұлтанова дүкенге келген сайын қант сұрайды. Бірақ, оның емге де табылар түрі жоқ.
 
Гүлдана Шайсұлтанова, қала тұрғыны:
Үш күн өтті, қант жоқ. Балалар іздейді.
 
Гүлзира Айтбаева, сатушы:
Қантқа тапсырыс бергенімізге  үш күн болды, әлі күтіп отырмыз. Күнделікті 20-30 адам қант сұрайды. Оларға  қай уақытта келетініннақты айта алмай отырмыз.
 
Павлодарда да қант қоры таусылған. Жергілікті билік облыстық Азық-түлікті тұрақтандыру қорынан әлеуметтік дүкендерге қантты екі қаптан ғана беріп жатыр. Ал көтерме бағамен жұмыс істейтін сауда орындары кешелі бері жабық. Өйткені, ондағы қант қоры соңғы бір апта ішінде сатылып біткен.
 
Павел Баданин, Павлодар облысы бойынша Монополияға қарсы инспекция басшысының орынбасары:
 Кейбір сауда нысандары қант таусылды, деп сатылымға шығармай отыр. Бәлкім, бағаның көтерілуін тосып отырған шығар. Өйткені, қазір тауардың бұл түріне сұраныс көп. Нақты жағдайда тексеру барысында анықтаймыз.
 
Тауар өндірушілер бұл дерекке негіз барын айтады. Өйткені, қант тапшылығын арадағы делдалдар қолдан жасап отыр. Жаңадан келетін тауар бағасы қандай болатыны әзірге белгісіз. Сондықтан, олар қоймасындағы қантын алдағы уақытта жоғары бағамен сату үшін қолда ұстап отыр.
 
Анар Даржанова, Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
«Ануар» дүкенінде бүгінгі күні 120 тоннаға жуық шекер бар. Дегенмен, алыпсатарлық болмас үшін және басқа өңірлерге шығарылмас үшін бұл өнім тек қана ішкі нарыққа сатылуға берілуде.
 
Бірақ, оның өзі шектеулі. Әр адамға төрт келіден артық сатпайды. Ханум Мамедова тәттіқұмар немерелеріне амал жоқ, қанттың әр қасығын өлшеп беруге мәжбүр.
 
Ханум Мамедова, зейнеткер:
Балаларым мен немерелерім қантсыз отыра алмайды. Дастарханда нан мен қант мол болса, көңіл де тоқ. Бірақ, көбірек алайын десем, супермаркет дүкеншілері ескертіп жатыр. Әр сатып алушыға бекітілген мөлшер бар, деп. Ал, шағын дүкендердегі қанттың бағасы айтарлықтай қымбат.
Елдегі ең ірі тауар өндіруші саналатын «Орталық Азия Қант корпорациясы» қаңтар айында бір ғана Астананың өзіне 24 тонна қант жеткізген. Ал, осы айда жеткен тауардың мөлшері 60 тоннадан асады.
 
Бір қызығы, Гүлдана Шайсұлтановаға сол 60 тонна қанттың алты түйірі де бұйырмай тұр.
 
Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу