Астанада «Әлеуметтік үй» бой көтереді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Әлеуметтік үй» бой көтереді

13.02.2014
Астанада «Әлеуметтік үй» бой көтереді
  Жүйке жүйесі ауруына шалдыққан жандардың қалыпты өмір сүруі үшін тағы бір жаңа жоба. Астанадағы «Балам-ай» мүмкіндігі шектеулі балаларды дамыту орталығы «Әлеуметтік үй» жобасын қолға алды.
 
Мұнда ақыл-есі нашар 18 жастан асқан жасөспірімдер қабылданады. Әдетте, жүйке жүйесінде ақауы бар мұндай жандарға арнайы мектеп-интернаттар 18 жасқа дейін ғана қамқорлық көрсете алады.
 
Ал, олардың одан кейінгі өміріне бас ауыртып жатқан ешкім жоқ. «Балам-ай» орталығының ұжымы осы олқылықтың орнын толтырсақ, дейді. Жобаны жетілдіре түсу үшін қала әкімдігі 50 сотық жер бөліпті.
 
Егер қаржылай қолдаушылар табылып жатса, Астанада 200 орындық әлеуметтік үй бой көтермек. Игі іс қазірдің өзінде оң нәтижесін беріп үлгерді. Пилоттық жоба аясында 5 бала алты ай бойы отбасы үлгісінде құрылған орталықта тәрбие алды.
 
Солардың бірі - Зәмзәгүл Құтыбаева. Жасы 25-тен асса да, бойжеткен бұған дейін үй шаруасына мүлде араласып көрмеген.
 
Мамандар алты ай бойы балаларды күнделікті шаруаға баулыған. Қазір бесеуі де үй шаруасын дөңгелетіп әкететін жағдайға жетті.
 
Зәмзәгүл Құтыбаева, «Әлеуметтік үй» жобасының тәрбиеленушісі:
Үйде отырғанда достарым болған жоқ. Мұнда келіп көп дос таптым. Көп нәрсе үйрендім. Тәрбиешілерім тамақ пісіруді, кесте тігуді, қалай төсек жинау керегін үйретті.
 
Батима Әубәкірова, «Балам-ай» мүмкіндігі шектеулі балаларды дамыту орталығының меңгерушісі:
Бұлардың өмірге деген құштарлығы, ынтасы жоғары. Оларды түсіне білетін, жебей білетін, үйрете білетін адамдар болса, бұл балалардың мәнді-мазмұнды өмір сүруге құқықтары бар.
 
Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу