Мұз үстінде жүйткіп жүр, талай қазақ баласы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұз үстінде жүйткіп жүр, талай қазақ баласы

10.02.2014
Мұз үстінде жүйткіп жүр, талай қазақ баласы
Мұз үстінде жүйткіп жүр, талай қазақ баласы. Мұндай теңеуімізді Ақмола облысына қарасты Қойкелді ауылына арнасақ артық болмас. Дәл осы ауылдың ұландары аяқтарына коньки байлап, мұз үстінде күні-түні жаттығу жүргізеді.
 
Нәтиже де жаман емес. Аршалы ауданы бойынша үнемі бас жүлдені иеленіп келсе, облыс көлемінде алғашқы үштікте.
 
Бұл - шағын ауылға мұз айдынын салып, балаларды спортпен тәрбиелеп отырған жергілікті азаматтардың еңбегі. Ауылдарынан, кетпей тұрмыс-тіршілігіне де жан бітіріп отырған солар.
 
Мына шағын үй - балалардың киім ауыстырып әрі жылынатын орны. Кәдімгі темір пешке көмір жағып, жайлы жағдай жасалған. Қазір мында ауыл балалары аяқтарына конькилерін байлап мұз айдынына шығуға дайындалып жатыр.
 
Ал мынау - ауылдың мұз айдыны. Жан-жағы тиянақты қоршалған, құйылған мұзы да ешкімдікінен кем емес. Мұнда жүйткіп сырғанап жүрген жас баладан бастап, ауылдың үлкендерін де көруге болады. Жалпы, Қойкелді ауылының тұрғындары қысқы демалыстарын осылай өткізеді.
 
Ғабит Ұзақбай тілші:
Қазір ауа температурасы – 28, - 30 грдаус аязды көрсетіп тұр. Бірақ, соған қарамастан мына қаракөз ұландар аяқтарына коньки байлап, мұз үстінде өз ойындарын көрсетіп жүр. Қазір осылардың әрқайсысының алдарына қойған арман-мақсаттары бар. Осы спорт түрлері бойынша чемпион болу.
 
Осылайша, қойкелділік балалардың компьютермен алысуға және арзан ойын- күлкіге уақыттары жоқ. Дәл қазір Көкшетауда облыс көлемінде өтетін жарысқа қызу дайындық жүруде. Барлық сайыстан қашанда абыройлы оралатын бұл жігіттердің мақсаты - біреу. Қойкелді батыр атына берілген ауылдың намысын жоғары ұстау.
 
Талғат Қытайбеков, жаттықтырушы:
Қазақ балалары қысқы спорт түрін ойнай алмайды деген пікір дұрыс емес деп есептеймін. Бастысы, ауылдық жерлердегі жастарға, спорт түрлерін дамытуға көңіл бөлінуі керек.
 
Ернар, Қабдыкеш, жас спортшы:
Бұл жерде жаттығу маған ұнайды. Арманым – чемпион болу.
 
Алмасбек, Сандалхан, жас спортшы:
Қысқы ойын түрлері ұнайды. Жетістікке жетуді ойлаймыз.
 
Балаларға осынша қуаныш сыйлап жүрген ауыл азаматы - Қайрат Қытайбеков. Қыста мұз айдынын, жазда доп тебетін алаң салып өзі де қосыла ойнайды.
 
«Қандай қиын заманда да ауылды тастап кетпедім.  Енді осы ауылдың болашағы және балалар бұзылып кетпес үшін қолдан келгенше жағдай жасап жүрмін. Шығыны да бар, бірақ оған өкінбеймін», дейді ауыл ағасы.
 
Қайрат Қытайбеков, Қойкелді ауылының тұрғыны:
Бәрі өзіміздің балалар. Олардың спортқа келуіне жағдай жасауымыз керек.
 
Жалпы, бұл ауыл Волга-Доновка ауылдық окургіне кіреді. Осы аумақта қысқы және жазғы ойындарға арналған бірнеше спорт нысандары бар. Барлық сайыс түрінен аудан бойынша алдыңғы орында.
 
Ендігі мақсаттары - мына мұз айдынын шатырлап жауып алу. Бірақ оған қаржы керек. Балаларды қуантып, көмектесемін деген азаматтар табылса жақсы болар еді, дейді ауыл тұрғындары.
 
Ғабит ҰЗАҚБАЙ 

Хабарламаларға жазылу