Екі қолы жоқ келіншек көрпе көктейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екі қолы жоқ келіншек көрпе көктейді

07.02.2014
Екі қолы жоқ келіншек көрпе көктейді
Тараз тұрғыны Анар Бексұлтанованың екі қолы жоқ. Бірақ оған қарамастан ол өз бетінше кәсіп етіп жүр. Анар аяғымен ине сабақтап, көрпе тігеді. Бүгінде ол екі бауырын да жұмыспен қамтып отыр.
 
Анар ісмерлік кәсіпке былтыр кірісті. Таныстарынан қарыз ақша алып, тігін машинасы мен керек-жарағын сатып алды. Көйлек пішіп, кесте тігуге әуелден-ақ икемі бар келіншек тірлікті тез-ақ игеріп кетті.
 
Аяғымен қайшы ұстап, матаны өзі қияды, оюды өзі бастырады. Тігісінде мін жоқ. Қиялы ұшқыр шебердің көз майын тауысып тіккен жасау жиһаздары айрықша өрнегімен, нақышты бедерімен елдікінен ерекше.
 
Анар Бексұлтанова, тігінші:
Егер де шаршамай, шалдықпай бәрін өлшеммен істесең, бұл берекеті бар іс. Былтыр 4-5 жасау саттым. Үйден ғана. Дүкен, базарға шығарған жоқпын Өзімнің таныстарым арқылы.
 
Анардың бұл ісіне екі әпкесі көмектеседі. Көрпеге мақта салып, көктейтін солар. «Шеше көрген тон пішер» демекші кішкентай қызы Сұлуайым да анасы мен әпкелерінің қимылын қалт жібермейді.
 
Шынар Бексұлтанова, тігінші:
Қыз жасауымен айналысқалы екі әпкеммен және Дина екеуіміз екі жақтап көрпе қабимыз. Анар бізге тыстарын тігіп береді. Істегенімізге қарай айлығымызды алып отырамыз.
 
«Тынымсыз еңбектің қай кезде де несібесі мол. Ыждаһатты іс берекеге бастайды. Талпынса, талаптанса кез келген істің көзін табуға болады». Бұл Анардың берік ұстанатын қағидасы.
 
Анар Бексұлтанова, тігінші:
Бұл мақтаныш емес маған. Жай ғана адамдарға жеткізгім келеді. Адамның барлық нәрсе ішінде, өзінде. Оны жасай білу керек, ерінбеу керек. Мүмкіншілігімізді пайдалану керек.
 
Елбасының биылғы Жолдауында мүгедек жандарға қамқорлық жасау жөніндегі тапсырмасы Анарға зор қуат беріп отыр. Ол енді бір орында тоқтап қалмай, кәсібін әрі қарай ұлғайтуға талаптанып жатыр.
 
Несиеге қаражат алып, тігін шеберханасын ұлғайтпақшы. Сөйтіп, өзі секілді мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтымақшы.
 
Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу