Табиғи өнім – денсаулыққа пайда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Табиғи өнім – денсаулыққа пайда

07.02.2014
Табиғи өнім – денсаулыққа пайда
Шымкенттік ғалымдар алма және шабдалыны қақтап, одан қытырлақ, яғни чипс жасаудың оңтайлы жолын тапты. Жастар мен балалар арасында үлкен сұранысқа ие мұндай тауардың шетелде жасалған түрлері дүкен сөрелерінде толып тұр.
 
Алайда, олардың көпшілігінің құрамы ағзаға кері әсер ететін химиялық қоспаларға толы. Ал, Оңтүстік ғалымдарының жаңалығы - мұндай тағам түрлерін денсаулыққа  пайдалы табиғи таза өнімдерден жасайды.
 
Шымкенттіктер бұл жаңалықтарын әрі қарай жетілдіріп 2017-ші жылы Астанадағы EXPO көрмесіне келетін қонақтарға ұсынбақшы.
 
Мұндай идея ғалымдарды көптен бері ойландырып жүріпті. Чипстегі интетикалық қоспалардың адам ағзасына кері әсерін әлсіретіп, қайта, керісінше тағамдық пайдасын арттыруды ойлаған олар ақыры дегендеріне жеткен секілді. Алма мен шабдалыдан жасалған қытырлақтардың құрамы бай, табиғи дәмге ие таза өнім.
 
Әзірет Шыңғысов, М.Әуезов атындағы ОҚМУ Тамақ өндірісі технологияcы кафедрасының профессоры:
Технологиясын жасадық. Құрамын зерттедік. Біз ойлағандай, біраз жақсы заттар бар. Негізгі құндылығы – құрамындағы барлық дәрумендердің сақталуы.
 
Сондай-ақ, мұнда құрамы дәрумендерге бай өсімдіктер - итмұрын жидегі, қара өрік және жүзім сүйегінен арнайы тұнба жасауды қолға алды. Дайын тұнбаның түр-түрін пайдалана отырып, сүт өнімдерін қазіргідей тоғыз күн емес, бір ай сақтауға болады екен.
 
Зейнеп Нұрсейітова, М.Әуезов атындағы ОҚМУ Тамақ өндірісі технологиясы кафедрасының аға оқытушысы:
Бұл қазіргі кезде көп қолданылып жүрген, синтетикалық жолмен өндірілген өнім. Адам ағзасына бәрібір кері әсерін тигізеді. Ал біздікі табиғи жол, кері әсері болмайды. Антиоксиданттық заттардың ерекше бір қасиеті - адам ағзасының өмірсүргіштік қасиетін жоғарылатады.
 
Ғалымдар енді зерттеулерін жалғастырып, оларға инновациялық патент алмақшы. Бұл жаңалықтарын әрі қарай жетілдіріп, бұйырса, 2017-ші жылы Астанадағы EXPO  көрмесіне келетін қонақтарға ұсынатын ойлары бар.
 
Нұржан МЕРГЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу