Қызылордалық Оңғарбай Жолмырзаев осыдан жиырма алты жыл бұрын жол апатына ұшырап, екі аяғын баса алмай қалды. Бірақ, ол ешқашан мойыған емес. Тері илеп, құлақшын тігудің кәнігі шеберіне айналған. Қазір мемлекеттен көмек алып, кәсібін дөңгелетіп отыр.
Оңғарбайдың қолының ебі бар. Осы ерекше қасиетімен ол өзгелерден ерек. Қыс бойы құлақшын тігеді, жаз болса, өзге қолөнер бұйымдарын дайындайды. Әйтеуір, қолда бар материалдарды тиімді пайдаланады.
Әсіресе түлкі, андатр, қарсақ терілерін илеп, небәрі екі-үш күннің ішінде дайын керемет дүние жасап шығарады. Ең бастысы, сүйіспеншілікпен істеген жұмысының жемісі де мәуелі.
Оңғарбай Жолмырзаев, I-топтағы мүгедек:
Бас киім тігуді, тері илеуді, өңдеуді, бояуды 90-шы жылдары бастадым. Содан бері айналысып келе жатырмын. Жаман емеспіз, әйтеуір. Нәпақа тауып жеп отырмыз, осының арқасында. Күнкөріс болып жатыр.
Оңғарбайдың қолынан шыққан бұйымдарға сұраныс өте жоғары. Өйткені, таза теріден жасалғандықтан сапасында мін жоқ. Оның үстіне шебердің «алтын» қолынан шыққан әрбір дүние өзіндік ерекшелігімен дараланады.
Дәулетбек Байжігітов, Қазалы ауданының тұрғыны:
Көпшіліктен естіп, Оңғарбай ағаға құлақшын тіктіруге келіп отырмын. Қолмен тігеді, көп адамдардан көріп жүрмін. Қаракөлден тіктіргім келеді. Заттарын көрдім, ұнады маған. Базардан гөрі, қолдың бұйымы арзан және сапалы.
Жұртшылықтың алғысына бөленіп жүрген ісмерді Елбасының биылғы Жолдауы одан әрі қанаттандырды. Мемлекеттің қолдауымен ол енді кәсібін кеңейтіп, шағын цех ашпақшы.
Оңғарбай Жолмырзаев, I-топтағы мүгедек:
Елбасының Жолдауын тыңдадық, соны естіп, шамалы демеуді сезініп, көтеріліп қалдық. Өзімізді жарымжан сезініп отырғанымыз жоқ. Өзімізді ешкімнен кемсітпейміз. Тек жүрмегеніміз болмаса, әйтеуір, осы кәсібімізді дамытып, күнкөріс қыла береміз ғой.
«Екі аяғым жоқ» деп біреуге масыл болмай, өз күнін өзі көріп жүрген Оңғарбайдың өзге де жоспарлары көп. Әйтеуір, қоғамға пайдамды тигізсем дейді. Әрине, бұл орайда оған мемлекет қолдау көрсетеді.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ