Басты Жаңалықтар Қызылордада бес жылға созылған «сақалды» құрылыс биыл бітеді

Қызылордада бес жылға созылған «сақалды» құрылыс биыл бітеді

Қызылордада бес жылға созылған «сақалды» құрылыс биыл бітеді
Қызылордада осыдан 5 жыл бұрын  «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша құрылысы басталған перинаталды орталық  әлі күнге дейін пайдалануға берілген жоқ.
 
Бұл мәселе  талай жиында сөз болды, қатаң сын да айтылды. Түрлі себептерге орай мерзімінен кешеуілдеген нысанға   облыста жұмыс сапарымен жүрген  Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев арнайы барып, мәселенің мән-жайымен танысты.
 
200 орынға лайықталған үлкен ғимарат құрылысы үшін қазынадан 4 миллиард 800 миллион теңге бөлінді.  Толықтай қаржыландырылғанына қарамастан бұл нысан межеленген мерзімде пайдалануға берілген жоқ.   
 
Өмірзақ Қожақов, облыстық Құрылыс басқармасының бөлім басшысы:
Бас мердігер - «Альянс» ЖШС-ның жауапсыздығынан құрылыс жұмыстары созылып кетті.  Қазір қосымша мердігерлерді пайдаланып, биылғы жылы наурыз айында пайдалануға беруге күш салып жатырмыз.
 
Бас мердігердің мәселесін  қазір сот қарап жатыр. Ал, қосалқы мекеме бірнеше жыл тұралап қалған жұмысты аяқтауға күш салуда.
 
Ләйла Күлтаева, облыстық перинаталды орталықтың бас дәрігері:
Қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған перинаталды орталық 165 орындық. Ішінде сәбилердің патология бөлімшесі, жансақтау бөлімшесі бар.  500 граммнан бастап, өте төмен салмақпен ай сайын 18-25 бала өмірге келеді. Бөлімше 10 адамға ғана арналған.
 
Жақсы нәтижесі «түйенің етін жеген» орталық екі айдан кейін ашылады.  Мамандардың айтуынша, ғимарат замануи жабдықтармен толықтай қамтамасыз етіледі. Тіпті мұнда экоорталық, яғни жасанды ұрықтандыру бөлімшесі де болады.
 
Болат Жәмішев, ҚР Өңірлік даму министрі:
Бұл мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан құрылыс. 5 жылда көптеген мәселе болды. Оның барлығынан хабардармыз. Сол мәселелерді ретімен шештіңіздер. Бұл жақсы нәтиже.  
 
Мұнан кейін Өңірлік даму министрі облыстың әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты. Толымды табыстар көңіл қуантады. Өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығы салаларында оң серпіліс байқалады.
 
Дегенмен,  өңірде  өзекті мәселелердің де бары рас.  Солардың бірқатарына назар аударған министр проблемалардың рет-ретімен шешімін табатынын айтты. Тек оған уақыт керек.
 
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ 
Бөлісу