Басты Жаңалықтар Қарағанды облыстық мұрағатының ғимараты апатты күйде тұр

Қарағанды облыстық мұрағатының ғимараты апатты күйде тұр

Қарағанды облыстық мұрағатының ғимараты апатты күйде тұр
Қарағанды облыстық мұрағатының ғимараты апатты күйде тұр. Оған қарасты филиалдардың да жағдайы мүшкіл. Ал, кейбір қала-аудандарда мұрағатшылар амалсыздан жалдамалы тар бөлмелерде отыр. Материалдық-техникалық базасы да мәз емес. Соңғы 4 жылдан бері бұл мекемелердің құжаттарды қабылдауға мүмкіндіктері жоқ. Өйткені оларды сақтайтын бос орын тапшы.
 
Максим Паниннің облыстық мұрағатта жұмыс істеп жүргеніне 10 жылдың жүзі болды. Бейнеқор бөлімінде күніге ескі аппараттармен әлек болады да жатады. 70-ші жылдарға тиесілі мұндай құрылғыларды мұражайлардан ғана көруге болады. Мекеменің материалдық-техникалық базасы жақсармай жұмысымызда береке болмайды,- дейді мұрағатшы.
 
Максим Панин, мұрағатшы:
Біз қолда бар кинофильмдер мен пленкадағы құжаттарды сапалы етіп көшіре алмай отырмыз. Тіпті көшірген уақытта төл дыбысын да сақтап қалатын аппарат жоқ. Тек өзіміз кадрдан тыс дыбыстаймыз. Барлық мәселе мұрағаттың материалдық-техникалық жағдайының мүшкіл екендігін көрсетеді.
 
Толқындалған едені, қақыраған қабырғасы, сөгілген іргетасы, нардың жүгінен белі шойырылған сөрелері бар мұрағатқа көпшілік сеніп құжатын тапсырады. Көз майын тауысып кітап жазатындар да осында келіп ізденеді. Мұнда құнды материалдар дұрыс сақталуы үшін ауа температурасы үнемі +17 градуста тұруы керек. Алайда әбден тозған қондырғы мекемені толығымен жылыта алмай отыр.
 
Жаңагүл Тұрсынова, облыстық мемлекеттік мұрағат директоры:  
2002-2003 жылдар аралығында біздің ғимаратқа жасалған құрылыстық өзгертулер пайда әкелген жоқ. Іргетасы берік тұрған ескі ғимараттың қақ ортасынан бөліп жауынгер интернационалистер көшесін өткізді. Соның кесірінен біздің ғимараттың іргетасы бұзылды.
 
Бұл облыстық мұрағаттың кеншілерге арналған филиалы. 1964 жылғы ғимарат әбден тозған. Өткен жылы құлаған төбесін 4 миллион теңгеге жөнделген сиқы осы. Апаттық жағдайда тұрған соң құжаттарды басқа бөлмеге көшіріпті.
 
Салтанат Әбеуова, облыстық Мәдениет, мұрағат және құжаттамалар басқармасы басшысының орынбасары:  
Желтоқсан айында ғана облыс әкімі жаңа ғимарат салу жөнінде тапсырма берген. Қазір жобалау-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Оған ақша көзі қарастырылуда. Сонымен қатар құрылысқа жер алу мәселесі шешілуде. Бүгінгі күні қалалық әкімдік арқылы жер заңдастырылып жатыр.
 
Қарағанды облысы бойынша қазір мұрағатқа қабылданбаған 1 миллионнан астам құжат бар. Мекемелерде орын жоқ. Ал, жаңа облыстық мұрағатты салуға кемінде 2-3 жыл уақыт кететіні анық.
 
 
 
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ
Бөлісу