Басты Жаңалықтар Шығыс Қазақстан облысы: Ғалымдар шетелден әкелінетін ірі қарада кездесетін ауруды анықтады

Шығыс Қазақстан облысы: Ғалымдар шетелден әкелінетін ірі қарада кездесетін ауруды анықтады

Шығыс Қазақстан облысы: Ғалымдар шетелден әкелінетін ірі қарада кездесетін ауруды анықтады
Семейлік ауылшаруашылық саласының ғалымдары елімізге шетелден әкелінетін ірі қара малда кездесетін ауруды анықтады. 4 айға созылған зерттеу нәтижесінде дерттің паратуберкулез екені белгілі болды.
 
Аталған ауру өңірімізде соңғы рет 1964 жылы тіркеліп, түбегейлі жойылған екен. Мамандар араға жылдар салып, қайтадан пайда болған мал ауруына қарсы препараттар дайындауды қолға алмақшы.
 
Паратуберкулез - ірі қарада кездесетін жай дамитын продуктивті энтеритпен сипатталатын, созылмалы жұқпалы ауру. Міне, дәл осы аурудың соңғы ошағы біздің өңірімізде 1964 тіркеліп, мамандар күшімен түбегейлі жойылған екен.
 
Алайда, өкінішке қарай, дәл осы мал ауруы өңірімізде қайтадан пайда болып отыр. Мұның бір себебін жергілікті ғалымдар елімізге сырттан әкелінетін ірі қарамен байланыстыруда.
 
Есенгелді Омарбеков, ветеринарлық-санитарлық кафедра меңгерушісі:
Келген кезде ол сау болып келеді. Бірақ, біздің климатқа байланысты, бұл аурулар қайтадан көрініс беріп жатыр. Расында да осы қоздырғыш па, сол ауру бізге келді ме, осыны растау үшін біздің зертхана толығымен жұмыс істеп отыр.
 
Ветеринария саласының қызметкерлері зерттеу жүргізе отырып, нәтижесінде шетелдік ірі қаралардан табылған аурулардың дәл осы паратуберкулез екенін анықтаған.
 
Қойылған диагноздың дұрыстығын елімізді айтпағанда, неміс ғалымдары да нақтылаған. Ендігі міндет – аурудың алдын-алу, оны өршітпеу мақсатында жұмыстарды жалғастырып, қажетті дәрі-дәрмекті жасауға бет-бұру, дейді ғалымдар.
 
Есенгелді Омарбеков, ветеринарлық-санитарлық кафедра меңгерушісі:
Ол ауруларға қарсы биопрепараттар, диагностикалық препараттар және профилактикалық дәрі-дәрмектерді дайындауға жұмыла кірісіп жатырмыз. 
 
Ауруды анықтауға білікті мамандардан бастап, кафедраның III-курс студенттері де атсалысуда. Солардың бірі – Олжас Серікқазинов. Болашағын микробиология ғылымымен байланыстырғысы келетін студент, болашақта ғалым болуды армандайды. Сол себепті,  тәжірибе жинақтаудың өзіндік пайдасы зор,-дейді ол.
 
Олжас Серікқазинов, студент:
Бұл тәжірибенің болашақта бізге берері мол. Сондықтан, осындай жұмыстармен айналысу біз үшін ешқашан артық болмайды, деп ойлаймын.
 
Ғалымдар бұдан бөлек өңіріміздегі бал араларында, маралдарда кездесетін аурулардың себептерін де анықтауға қол жеткізген. Тағы бір атап өтерлігі – ауруды анықтауға соңғы заманауи үлгіде жарақтанған агроинновациялық зертхананың көмегі тиіп отыр.
 
Ермек ИСАБАЕВ
Бөлісу