Ақпан басталмай жатып Алматыда ірі-ірі 2 өрт шықты. 2 күн бұрын азық-түлік сататын – «Жұлдыз» көтерме сауда кешені отқа оранса, іле-шала «Барахолка» аталып кеткен базарлар шоғырын от шарпыды. Бұл жолы – «Европейка» кешеніндегі «Юпитер» базары жанды.
Айта кеткен жөн, мұнда Қытайдың арзан тауары емес, құны қымбат ішіктер мен тондар, еуропалық киім-кешек сатылады. Осыны ескерсек, шыққан шығын өзге базарлардан кем түспесі анық.
«Жұлдыз» базарында құрылыс жүргізіп жатқан қойма павильонынан өрт шығып, 80 шаршы метр аумақты шарпыды. Соның салдарынан азық-түлік сататын 10 сауда контейнері жанды.
Тілсіз жауды ауыздықтап үлгергенше болған жоқ, кеше түнде «Барахолка» тағы жанды. Түнгі сағат 21:09-да «Юпитер» базарында өрт шығып, 3 сағатта 850 шаршы метр жерді шарпыды. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ.
Ерлан Әлібеков, Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің өрт бақылау басқармасының басшысы:
Бұл жерге 100 ден артық өрт сөндіру техникасы. 890 қызметкерлер жұмыс істеп жатыр. 500 полиция қызметкерлері және 200 Ішкі әскердің солдаттары алып келінді.
Әшейінде қалтасы қалыңдар көп жүретін, сапалы тауар, қымбат киім сататын «Европейканың» құты қашты. Контейнерлер құлыпталып, жұмыс уақытша тоқтады. Өрттен әбден шошынған көрші базар саудагерлерінде маза жоқ.
Жанар Сүлейманова, саудагер :
Түнде келдік. Менің тауарларым бүлінген жоқ. Бірақ кедергілер бар. Директор күзетті күшейтеміз деп айтты.
Айдар Беркінбаев, «Алатау» базарының директоры:
Базар жұмысын тоқтатпайды. Жоғары жаққа қарай жол бар, төменге қарай жол жоқ. Су, жарық болмағандықтан 1-2 күн жұмыс істемейміз.
20 жылдан аса дәурені жүрген Алматы «Барахолкасының» бүгінгі сыйқы осы. Жол бойына жамырай салынған базарлардың былтырдан бергі берекесі қашты. Өртене өртене аумағы азайып, саудагері жол үстіне жайғасқан. Әйткенмен бұлар да аз күнде бұл маңды босату керек. Өйткені жергілікті билік «Барахолканы» босату туралы ақырғы мерзімді осы ақпанға тақаған.
Айгүл ЕРМАХАН