100 жасаған қария - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

100 жасаған қария

05.02.2014
100 жасаған қария
Маңғыстау облысының Жетібай ауылында бір ғасыр өмір сүрген қария тұрады. Нұрадин ақсақал әлі күнге сергек, әрі есте сақтау қабілеті жоғары. Ол саналы ғұмырын өрелі өрен тәрбиелеуге арнаған ұстаз. Қарттың жарты ғасырға жуық ағартушылық қызметі ескеріліп, ауыл әкімі оған «Облысқа 40 жыл» мерекелік медалін табыстады.
 
Жүз жасқа келіп ел-жұртының қошеметіне бөлену екінің бірінің пешенесіне жазыла бермейді. Ақтөбе өңірінде дүниеге келіп, түркімен жерінде еңбек жолын бастаған қария заман зарын көп тартты. Жастай әке-шешеден айырылып, өз күшімен өмір сүруге икемделді. Иранда әскери тәртіпке шыңдалды.
 
24 жасында шаңырақ көтерген отағасы 1945 жылдан бастап жарты ғасырдай бала оқытты. Сөйтіп сауатсыздықпен күрес науқанына қызу араласты. Ата-ана мейіріміне шөлдеп өскен қария маңдайына көп ұрпақ сүю бақыты бұйырыпты. Ұлдан екеу, қыздан бесеу. Бүгінде немеренің қуанышына бөленіп, шөберелерінің қолынан су ішкен жайы бар.
 
Жұмахан Нұрадинов, ұлы:
Әкеңе не жасасаң, алдыңа сол келеді. Халқымыздың дана сөзі әрқашан да есімізде. Маңдай тер, табан етімен тапқан табысымен біз өстік. Тісіміз шығып, оқитынын оқыдық. Күші қайтқанда әлпештеп, балаша бағып, айтқанын тыңдап жүруді өзім әке алдындағы парыз деп есептеймін.
 
Нұрадин ақсақал тамақты көп таңдай бермейді, бұйырғанын місе тұтады. Тек сүйікті сусыны - шұбатты жиі ішкенді ұнатады. «Ұзақ жасаудың сыры еңбекте болса керек»,- дейді қария. Сонан соң «Тәрбие бар игіліктің бастауы» деген қағиданы ұстанады. Береке-бірлікпен шырайы кірген өз шаңырағының қыдыр қонып, бақ дарыған отбасылардың бірі болуы да соның нақты жемісі, дейді.  
 
Нұрадин Дайрабаев, 100 жастағы қария:
Отбасын ауызбіршілікпен сақтаңдар. Одан кейін ақылды болыңдар. Ер жеткеннен кейін әрқайсың арақ ішіп жүрсеңдер жақсы болмайды.
 
Ақсақал көбіне кітапты серік етеді. Ғасыр жасаған қарияны жанары жаңылдырмапты.  Жүріп-тұруы да тың.Тіпті құбылаға бет бұрып, намазын да қалт жібермейді. Қашан да елдің амандығын дұғасына қосып отырады.
 
 
Жазира ӘБІЛ
 

Хабарламаларға жазылу