Алматы қаласының орталығында көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесінде орналасқан баспахана өртеніп, тұрғындары жарықсыз, 2 күн сусыз, 4 күн жылусыз отыруға мәжбүр болған. Өрт 180 шаршы метр аумақты шарпыған. Ол аздай кешегі толассыз жауған қар мен жаңбырдан кейін қатқан тон жібіп, үстіңгі қабаттағы үйлердің қабырғалардан сорғалаған. Тұрғындардың мұң-мұқтажын тілшіміз тыңдап қайтты.
Гагарин көшесіндегі 33-ші үйдің жертөлесінде қалалық жарнама газеті жарық көреді. Тұрғын үйдің жертөлесінде орналасқан типографиядан шыққан өрт 180 шаршы метр аумақты шарпыды. Лапылдаған полиэтилен мен қағаз өнімдері кәріз құбырлары мен электр желілерін ерітіп жіберген. Осы 33-ші үйде тұратын Қазақстанның үздік дәрігері Анатолий Осипов баспахананың бастан асатын басқа зиянын санамалап берді.
Анатолий Осипов, үй тұрғыны:
Біздің тұрғын үйдің жертөлесінде 14 жылдан бері газет шығаратын мекеме жұмыс істейді. Біріншіден, адам тұратын баспанада қауіпті залалы үшін баспа өндірісі мүлдем болмауы керек. Екіншіден, біздің подъезде соңғы 5 жылда 6 адам өз ажалын қатерлі ісік дертінен тапты. Кәсіби дәрігер ретінде айтарым, улы қоспалардан шығатын уыттың зияны - осылайша бірнеше көршімнің өмірін жалмады.
Жылусыз қалған күндері жылы қабақ танытқан табиғаттың мінезі тұрғындар үшін жығылғанның үстіне жұдырық болған. Күннің күрт жылуынан еріген қар үстіңгі қабаттағы үйлерді әбігерге салды. Толассыз жауған қар мен жаңбырдан кейін қатқан тон жібіп, қабырғалардан сорғалай бастаған.
Әмина Жалалқызы, үй тұрғыны:
Біз осы 10 жылдың көлемінде бір тұмсығымыз жылып, рахаттанып отырған емеспіз. Жылу біресе мына жақта болса, залда болмайды, залда болса, жатын бөлмеде болмайды. Оның себебі, жертөледегі типография жылу трубасын өздері бұрып алған.
Тұрғындар бүгін «Жансая» пәтер иелері кооперативіне жиналды. Атқарған қызметінен гөрі алған марапаты мен алғыс хаты көп кооператив басшылары даудың басы болған баспаханаға қатысты мынадай мәлімет айтты.
Зухра Борисова, «Жансая» пәтер иелері кооперативінің төрайымы:
Баспахананың заңды иесі жертөлені пәтер иелерінің тұтыну кооперативі арқылы емес, Қаржы басқармасының территориялық комитеті арқылы жекешелендіріп алған. Біз жертөлеге тіпті, апаттық қызмет көрсету диспетчерлігін орналастыра алмадық.
Апатты жағдайдан кейін Алмалы аудандық әкімшілігі коммуналдық желілердің жедел іске қосылуына мұрындық болған. Баспахана басшыларының бейқам жұмысына қатаң сын-ескертпе жасады.
Ерлан Сейдалиев, Алмалы аудандық Коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:
Алдағы уақытта баспа орталығы басшысымен тағы да келіссөздер жүргіземіз. Және де басқа да жертөледе орналасқан кәсіпорын басшыларымен келіссөздер жүргізіліп, ескертпелер жасалып, оларды қадағалайтын боламыз.
Дәурен Дариябек, тілші:
Қазіргі таңда газетпен шыбынды да, жауды да өлтіруге болады, дейтін тәмсіл өңін өзгерткен. Баспананың астынан баспа жасап, айдың күннің аманында апатты жағдай туғызған кәсіпорынның ісін қалалық прокуратура тексеретін болды.
Дәурен ДАРИЯБЕК