Биыл оңтүстікте бұрын-соңды болмаған қар жауды. Әсіресе, қысы-жазы ұйытқи соққан желден көз ашпайтын қызылордалықтар ақ ұлпаның астында қалды. Төпелеп жауған қарды қаншалықты қыстың сәні десек те, оның әлегі де аз болмайын деп тұр.
Арнайы мекеме мамандары күндіз-түні дамыл таппай жолдарды аршып, көшелерді мұздан тазартуда. Яғни, жол тазалаушылардың жұмысы дәл қазір еселеніп тұр. Олар уақытпен санаспай табиғаттың тосын мінезіне төтеп беріп, жұртшылықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.
Таңғы сағат 4. Жұрт тәтті ұйқыда жатқан сәтте «Қазақавтожол» мекемесінің мамандары жұмысқа шықты. Өйткені, түнімен жауған қар жолдарды көміп тастаған.
Мұрат Тоқаев көлігін сайлап, жолға шықты. 23 жылдан бері осы кәсіптің нанын жеп жүрген азамат үшін ең бастысы - адам өмірі. Сондықтан да ол көшелерді қар мен мұздан тазартуға белсене кірісті.
Мұрат Тоқаев, жол тазалаушы:
Осындай қар жауғанда түнгі сағат 2-3, 5-6 демейміз қызмет жасаймыз. Құм мен тұзды араластырып, жолға шашамыз. Тұздың құрамына 30 пайыз құм араластырған.
Мамандар осылайша замануи техникалардың көмегімен күндіз-түні еңбек етуде. Мәселен, кеше түннен бері олар қар құрсауында қалған 6 көлікті құтқарды.
Әбіләкім Ахметов, жолаушы:
Ақтөбеден Таразға бара жатырмыз. Жолда тұрып қалғанымызға 3 сағат болды. «Казақавтожолдың» жігіттеріне рахмет. Енді іс-сапарымызды жалғастырамыз.
Бүгінде Қызылорда аумағы бойынша «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобанының 220 шақырымы пайдалануға берілді. Бірінші санаттағы осы жолды күтіп ұстау қызылордалық «автожолшылардың» міндеті. Санатына қарай күтім жасаудың талаптары да жоғары.
Базархан Әбіласанов, «Қазақавтожол» РМК Қызылорда облыстық филиалының директоры:
Желтоқсан мен қаңтар айында 1805 тонна жұмсадық. Әлі де 3 вагон тұзға тапсырыс бердік, алып жатырмыз. Қыс қатты болып тұр. 140 адам жұмыс істейді. Қазір қысқы жұмыстарға 49 техникамыз бар.
Облыс аумағындағы республикалық маңызға ие 515 шақырым жолды «Қазақавтожол» қызметкерлері қардан толықтай тазартып болды. Ал синоптиктер алдағы күндері тағы қар жауып, боран соғады, көктайғақ болады деп ескертуде. Демек, Мұрат Тоқаев пен оның әріптестерінің жұмысы тағы да қызады.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ