Болат жолдың бойында қызу тірлік - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Болат жолдың бойында қызу тірлік

29.01.2014
Болат жолдың бойында қызу тірлік
 
Еуропамен алыс-берісті ұлғайтып, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыратын «Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» теміржолы келер жылы пайдалануға беріледі. Ғасыр жобасына баланған құрылыстың бірінші кезеңі аяқталып, қазір екінші сатыдағы шаралар атқарылып жатыр.
 
Яғни, шойын жолдың бойынан орын тебер 13 станция мен 30 бекеттің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Теміржол толықтай іске қосылғанда, Сексеуіл кенті ірі логистикалық орталыққа айналмақ.  
 
«Жезқазған-Бейнеу» теміржолының жалпы ұзындығы 988 шақырым болса, соның 547 шақырымы Жезқазған мен Сексеуіл арасын жалғайды. Яғни, 13 станцияның 7-і, 30 бекеттің 18-і Қызылордаға тиесілі. Қазір   осы нысандардың құрылысы қарқынды жүруде.
 
Жоба толықтай іске қосылғанда 15000 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Сол үшін Сексеуіл кентінде жұмысшылардың әлеуметтік мәселесін шешу мақсатында бірнеше тұрғын үй салынып жатыр. Балабақша бой көтеруде.
 
Мәлік Нұрғазиев, құрылыс учаскесінің басшысы:
38 екі пәтерлі үй бар және 280 орындық балабақша құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс аумағында тағы да спорт алаңы болады, жылу қазандығы бар. Қазіргі мақсатымыз - 15 үйді биылғы 6 айлыққа дейін кілтін тапсыруға дайындық жүргізіп жатырмыз.
 
Осылайша құлазыған далаға жан бітуде. Елдің шығысы мен батысын тікелей байланыстыратын    магистраль Каспий мен Кавказ арқылы Еуропаға шығуға мүмкіндік береді.
 
Қазақстанның орталық өңірінен жөнелтілетін жүктің Батысқа, одан әрі Еуропаға тікелей шығуын қамтамасыз етеді. Яғни, қазіргі тасымал қашықтығы 1200 шақырымға дейін қысқарады.
 
Мәселен, қазір Қытайдан шыққан жүк Ақтауға дейін 50 күнде жеткізілсе, бұл жолмен 16 күн ғана қажет. Мамандардың айтуынша, жаңа жолмен жылына 21 миллион тонна тауар өткізуге болады. Жолаушылар үшін де бұл теміржолдың маңызы зор.
 
Мархабат Жайымбетов, Арал ауданының әкімі:
«Қазақстан Темір жолы» компаниясы 20 миллиард теңге қаржы құяйын деп отыр. Оның ішінде 3 миллиардты әлеуметтік салаға. Сексеуіл станциясы үлкен тораптық станция болады, болашақта транспорттық-логистикалық орталық құрылады деп отырмыз. Экономикалық өсімге үлкен серпіліс береді деген үмітіміз бар.
 
Көлік инфрақұрылымы - индустриялық экономика мен қоғамымыздың тамырына қан жүгіртетін жүйе екендігін Елбасы биылғы Жолдауында баса айтты. Яғни, сапалы заманауи магистральдарсыз дамыған ел болмайды. Бұл орайда «Жезқазған-Бейнеу» теміржолының ел экономикасын еселеуге ықпалы зор болатыны даусыз.
 
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу