Мүгедектерге мемлекет қолдау көрсетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мүгедектерге мемлекет қолдау көрсетеді

25.01.2014
Мүгедектерге мемлекет қолдау көрсетеді

Тағдырдың тәлкегіне ұшырағандарына қарамастан, қиындыққа мойымай, еселі еңбек етуге құлшынып отырғандардың тірлігі түзелетін болады. Алдағы уақытта мұндай жандарға мемлекет қолдауды күшейте түспекші. Елбасы биылғы Жолдауында Үкіметке мүгедек азаматтарды демеп, олардың бизнеспен айналысуына жағдай жасауды жүктеді. Ал осы жаңалықты қуана қарсы алған Сәрсенбек Сартаевты оңтүстік өңірдің жұртшылығы жақсы таниды. Жігерлі жігіт ауылдастарына биік шыңдарды бағындыра алатындығын күнделікті өмірде дәлелдеп жүр.

 
Сәрсенбектің туғанынан екі қолының кемістігі бар. Соған қарамастан, ол «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында несие алып, ауласында кішігірім тауық фермасын ашты.
 
Сәрсенбек Сартаев, Шәуілдір ауылының тұрғыны:
Өз ойындағысын істеймін деген адам істейді. Инкубатор алдым, пайдасын білгеннен кейін, тауық өсірумен неге өзім айналыспаймын деп ойладым. Содан кредит алып, істеп жатқан жайымыз бар.
 
Қазір жігерлі жігіттің қорасында мыңнан астам тауық бар. Олар берген күнделікті тұқымды ауыл адамдары таласа сатып алып кетеді.
 
Замира Исайлова, Сәрсенбектің анасы:
Ауылдастар, көршілер, кейбір сатушылар хабарласып жатады. Үйдің телефонына хабарласып, жұмыртқа бар ма дегендерге, бар дейміз, көп болмаса да, берекесін берсін.
 
Сәрсенбектің табиғатынан кез-келгенмен тіл табыса кететін жақсы қасиеті бар. Қолынан келсе, көмек сұрап келгендірдің бірінің де бетін қайтармайды. Бос уақытында көлігіне мініп, ауыл арасында адам тасиды. Қашан көрсеңде адал еңбегімен нанын тауып жеуге талпынып жүргені.
 
Ерлан Сиқымбаев, Шәуілдір ауылының тұрғыны:
Пысық кісі, ешкімнен көмек сұрамайды. Кәсіп ашып, тауық өсірумен айналысып жатыр,өнімін бәріміз алып тұрамыз.
 
Келешекте кәсіпкер жігіт ферманың іргесін кеңейте түспекші. Оған қазірден дайындықты бастап та кетті. Жастарды жұмысқа тартып, еңбекке баулысам, дейді. Сәрсенбекпен бірге жұмыс істеуге ниетті адамдар көп. Барлығы одан ең бастысы - өмірге деген құштарлықты үйренгісі келеді.
 
Нұржан МЕРГЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу