Төрткүл дүниеде күн өткен сайын азық-түлікке деген қажеттілік артып келеді. Сондықтан да Елбасы өз Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытта дамытудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Мақсат айқын. Қазақстан ет және сүт өнімдерін ірі көлемде экспорттайтын елге айналуы тиіс. Осыған байланысты Жамбыл облысының фермерлері бүгінгі таңда асыл тұқымды мал бағуға ерекше ынталы. Өйткені төрт түліктің текті тұқымын өсіру ет пен сүтті мол өндірудің көзі екенін, олар жақсы біледі.
Талғат Нақанов бүгінде өріске 100-ге тарта сиыр өргізіп жүр. Бұрынғыдай малдың санын көбейтуді қойған. Есесіне еті мол сиырларды өсірудің қарекетіне кіріскен. Қазақтың ақ басты бұқаларынан тұқым алып, қорадағысын сұрыптап жатыр. Жаңа алынған төлдің артықшылығы көп.
Талғат Нақанов, шаруа қожалығының басшысы:
Шөп, жер талғамайды. Сонан соң еттік бағытта, салмақты болады. Сиырлар бір жасында 200 кг салмақ береді, дейді. Енді өсіріп жатырмыз ғой, бұрынғы сиырларымызға қарағанда салмақты екені көрініп тұр.
Еңбекқор азаматтың бұл тірлігін мемлекет те қаржылай қолдап отыр.
Талғат Нақанов, шаруа қожалығының басшысы:
Үкіметтен сиырларды асылдандыру шарасын қолға алғаным үшін 90 сиырға 1 миллион 600 мың теңге субсидия алдым қайтарымсыз. Шөп қоры базасын дайындауға 4 мыңнан 18 жарым мыңға дейін субсидия алып жатырмыз.
Қаратаудың етегін алып, Бетпақдалаға ұласып жатқан Сарысу ауданының жайылымы төрт түлік өсіруге аса қолайлы. Жері шұрайлы. Осыны пайдаланып, 8 шаруа қожалығы «Сыбаға» бағадарламасы арқылы несие алып, малын көбейтіп жатыр. Тағы үшеуі асыл тұқымды агрокешен мәртебесін алған.
Олжас Көкей, Сарысу ауданы әкімінің орынбасары:
Бұл жерде негізінен ет бағытындағы асылдандыру жұмыстары жүреді. Өйткені біздің климатымыздың өзі ет бағытында жұмыс істеуге ыңғайлы.
Елбасы биылғы Жолауында Үкіметке феремерлерге ұзақ мерзімге несие беру, оларға өндірген өнімін нарықта делдалдарсыз саудалауға жағдай жасау міндетін жүктеді. Бұл малмен жан баққан ауылдағы ағайынды табысты іс етуге қанаттандырып отыр.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ