Қожалықтарды қызылсу басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қожалықтарды қызылсу басты

23.01.2014
Қожалықтарды қызылсу басты
Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданындағы Ақши ауылы мұз құрсауында қалды деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл жөнінде бүгін біздің арнаға осы өңірдің басшылығы ресми түрде мәлімдеді. Естеріңізде болса, екі күн бұрын Қалғұты өзені арнасынан тасып, бірнеше шаруа қожалығын қызылсу басып жатқанын айтқан болатынбыз.
 
Ал бірқатар ақпарат құралдары, тіпті, бұл жақтағы Ақши ауылы да су астында қалды және мал қырылып жатыр деп ақпарат таратқан.
 
Берік Көшербаев, тілші:
Ақши ауылындағы даудың басы дәл осы дамбадан басталады. Бұл бөгет, Қалғұты өзенінің суы көктемде арнасынан асып, ауылды алып кетпес үшін былтыр салыныпты. Ресми құжатта, мына үйілген топырақтар «дамба» деп аталады, ал ауыл тұрғындары бұл жерлерді «окоп» дейді екен.
 
Ақши және Қаратоғай ауылының қасында осындай бөгет салуға және Қалғұты өзенінің арнасын тазалау үшін 9 миллион теңге жұмсалған. Жоспарланған жұмыстар уақытында атқарылса да, дәл қазір Ақши ауылының іргесінен өтетін өзен арнасында су жоқ. Себебі, оны жоғары тұсынан басқа жақта бұрып тастаған. Судың бір бөлігі ағып барып, төменде тұрған шаруа қожалықтарының маңында қызылсу боп жайылып, мұз болып қатып қалған.
 
Қабдыл Әбікенов, шаруа қожалығының басшысы:
20 фургон шөбім қалды мұздың ортасында. Мал әзірге аман, өріске жайып жүрміз. Қызылсу үйді біресе мына жақтан, біресе ана жақтан айналып ағып жатыр. Сол әйтеуір, қоқсық, анау-мынау төгіп, сиырларды өткізіп жүрміз. Кеше қар жауды, тайғанақтап жатыр. Өйткені мұз екенін білмейді, жығылады, тұрғызып аламыз, сөйтіп жүрміз.
 
Қабдыл Әбікенов - қызылсудан зардап шекен үш қожалықтың бірінің иесі. Қорасында 300-ге жуық қойы және 120 сиыры бар. Ол болған жағдайға аудан басшылығын кінәлап отыр. Басшылардың өз уәжі бар.
 
Қайрат Әзімбаев, Күршім ауданы әкімінің орынбасары:
Төтенше жағдайлар бөлімі, бәріміз келіп, оның жағдайын көрдік. «Shantui» маркалы шынжыр табан трактор әкеліп, су жолында тұрған бірінші үйлердің маңайында көмекеру жұмыстарын атқарып жатыр. 
 
70-ке жуық түтіні бар шағын елді мекенге бүгін аудан орталығынан арнайы комиссия келіп, халықпен кездесті. Тұрғындар, осы сәтті пайдаланып, судан бөлек, ауылдың өзге де түйіткілді мәселелерін айтып, ағынан ақтарылды.
 
Қабдыл Әбікеновтің айтуынша, ол өзен суын табиғи арнасына немесе басқа жаққа өз күшімен-ақ бұрып тастауға дайын. Бірақ, рұқсат бермеді дейді. Қазір ол малын қыстан аман шығарудың қамымен жүр. Алдағы уақытта аудандық әкімдікті сотқа бермек. Су астында қалған шөбінің құнын және басқа да шығандарын өндіріп алмақшы. 
 
 
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу