Энергетиктер әулетінің еңбек өтілі 200 жылдан асады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Энергетиктер әулетінің еңбек өтілі 200 жылдан асады

21.01.2014
Энергетиктер әулетінің еңбек өтілі 200 жылдан асады

Елімізге қажетті қуат көзінің 44 пайызын беріп отырған Павлодар облысында энергетик мамандар ерекше бағаланады.

 
 Ақсу қаласында 1968 жылы жылу электр станциясы салынды. Сол кезде алып кәсіпорынға жұмысқа орналасқан алғашқы қазақтың бірі - Сәтай Қалиев пен зайыбы Шолпан Әшкенқызы болатын.
 
Кейін балалары да ата-ана жолын қуды. Қалиевтер әулетінің ұрпақтары қазірде аталған станцияда жемісті еңбек етіп жүр. 
 
Амантай - Қалиевтер әулетінің ортаншы ұлы. Бала кезінен теміржолда жұмыс істеуді армандаған. «Әкем  мүмкін энергетика саласына келерсің, деп сұрайтын. Бірақ, мен үзілді-кесілді көнбей қойдым.  Бірақ, шешем, аға, апаларым түгелдей жабылып отбасылық мамандыққа  алып келді», - дейді Амантайдың өзі.  Оның осы саладағы еңбек өтілі 30 жылға жуықтапты.
 
Амантай Қалиев, энергетик:
Әке-шешем осы станцияда жұмыс істеді. Құрмет тақтасында суреттері ілініп тұратын. Біз солардан өнеге алып, жеті баланың бесеуі осы жерде жұмыс істедік.
 
Ал, Ардақ қарапайым жұмысшыдан бастап жетекші инженер қызметіне дейін көтерілді. Жақында оған «Қазақстанға еңбегі сіңген энергетик» деген құрметті атақ берілді.
 
Ардақ Қалиев, жетекші инженер-энергетик:
1992 жылы әскерден келіп, бірден станцияға жұмысқа орналастым. Ол кезде әке-шешем еңбек демалысына шыққан болатын. Станция  басшылығы «Тағы бір  Қалиев келді», деп ерекше қуанышпен қарсы алды. Қазір енді тәуелсіз еліміздің дамуы жолында жұмыс істеп жатырмыз. Еңбекшілер әулетінен  шыққанымды мақтаныш етемін.
 
Қазір бұл отбасының  үлкендері Астана қаласындағы жылу электр станциясында жұмыс істейді. Ал, студент Айжан осы Ақсуда қалмақшы.
 
Айжан Қалиева, студент:
Мен атам мен әжем, ағаларым, әкем сияқты станцияда жұмыс істегім келеді. Қыз бала болғандықтан, мен есепші мамандығына түстім. Келешекте осы станцияда есепші болып жұмыс істегім келеді.
 
Ақсу қаласында энергетик мамандығын игерген алғашқы қазақтың бірі Сәтай Қалиевтің ұрпағы мемлекеттің тұрақты дамуына  үлес қосып отыр. Қазір бұл әулеттің жалпы жұмыс өтілі 200 жылдан асады екен.
 
 
Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу